Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 29 сәуірде кешкісін ресми сапармен Өзбекстанға барды.
Gazeta.uz порталының хабарлауынша, Ердоған мен әйелін әуежайдан Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов күтіп алған. Ердоған Өзбекстанға ұшар алдында брифинг өткізген. Брифингте Ердоған "Түркия мен Өзбекстан жоғалтып алған мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіреді деп үміттенемін" деген.
Түркия президенті Өзбекстанда имам Әл-Бұхари мен имам Матуриди атындағы ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына қатысатынын айтқан. 1 мамырда Ердоғанның сапары Бұхарада жалғаспақ.
Бұған дейін Ердоған Стамбулда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездескен.
18 сәуірде Ердоған биыл 24 маусымда елде кезектен тыс президент және парламент сайлауы өтетінін мәлімдеген.