Accessibility links

Судья Ratel.kz ісін экономикалық сотқа беруден бас тартты


Інжу Әлихан, Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық алқасының судьясы. Алматы, 2 мамыр 2018 жыл.
Інжу Әлихан, Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық алқасының судьясы. Алматы, 2 мамыр 2018 жыл.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық алқасы Ratel.kz сайтының редакторы Марат Әсіпов пен сайт иесі Олег Бендицкийдің Алматы прокуратурасының сайт жұмысын тоқтату туралы шағымы бойынша азаматтық істі қарайтын сотты өзгерту жөніндегі арызын қанағаттандырмады. Судья Інжу Әлихан өзі шығарған қаулының тек қарар бөлігін ғана оқып, сот шешіміне шағымдануға болмайтынын айтты.

Сотқа Марат Әсіпов пен Олег Бендицкий қатыспады, олардың мүддесін сотта адвокаттар Лариса Достовалова мен Арман Оразбаев қорғады. Шағымданушы атынан сотқа прокурор Әлібек Айтжанов қатысты.

Сот тыңдауында адвокат Достовалова Марат Әсіповтің лауазымды тұлға екеніне белгілері барын, сондықтан Алматы прокуратурасының шағымы бойынша іс қазір қаралып жатқан Медеу аудандық сотында емес, Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралуы тиіс екенін айтты. Адвокат Арман Оразбаев оны қолдады.

Прокурор Айтжанов Марат Әсіповті лауазымды тұлға деп тануға адвокат Достовалова келтірген белгілердің жеткіліксіз екенін мәлімдеп, соттан істі қарайтын сотты өзгертпеуді сұрады.

Бір ай бұрын Медеу аудандық сотында Алматы прокурорының Ratel.kz сайты мен оның бас редакторы Марат Әсіповке қарсы шағымы бойынша азаматтық сот процесі басталған. Сот барысында Лариса Достовалова сотқа сайттың иесі болған, былтыр желтоқсанда қайтыс болған журналист Геннадий Бендицкийдің мұрагерлерін де қатыстыруды және істі қарайтын сотты өзгертуді сұрап талап арыз түсірген. Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенова алғашқы талап тілекті қанағаттандырған. Бұдан соң Геннадий Бендицкийдің ұлы әрі мұрагері Олег Бендицкий жауапкер жағында үшінші адам ретінде сотқа тартылған. Бейсенова істі қарайтын сотты өзгерту туралы талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Бұдан соң Марат Әсіпов пен Олег Бендицкийдің өкілдері соттың бұл шешіміне апелляциялық шағым түсірген.

Марат Әсіпов азаматтық сот процесінен өзге "көрнеу жалған ақпарат тарату" туралы қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған. Бұл іс бойынша Ratel.kz-тің тағы екі журналисі істі болып, Forbes.kz журналы бас редакторының орынбасары қорғануға құқығы бар куәгер деп танылған.

2 сәуір күні Алматыда полиция Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналының редакцияларында "жалған ақпарат тарату" ісіне байланысты тінту жүргізген. Полиция сонымен қатар осы екі ақпарат құралы кейбір журналистерінің пәтерін де тінтіген. Бұл іс бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжановтың арызынан кейін қозғалған. Кәкімжанов Forbes.kz және Ratel.kz сайттарында соңғы жылдарда өз қызметіне байланысты жарияланған бірнеше мақаланы "қара пиар" және "жалған" деп атайды. Мақалада Кәкімжановтың "сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары" айтылады.

Оқи отырыңыз: Полиция Forbes пен Ratel-дің кеңсесіне жетті

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы мен "Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) бұған дейін Қазақстан билігін "кәсіби міндетін атқарған журналистерді үрейлендіру үшін жала жабу туралы айыппен қылмыстық қудалауын тоқтатуға" шақырған.

ЕҚЫҰ өкілі Арлем Дезир 5 сәуірде Алматыда Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналы журналистерінің ұсталғанын және Ratel.kz сайтының бұғаттлғанын сынаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG