Accessibility links

Апелляция Ақтөбеде газ тапшылығы ісімен айыпталғандарға жаза кесті


Ақтөбедегі сот ғимараты (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облыстық соты қалалық соттың осыдан екі ай бұрын шығарған үкімін өзгертіп, сұйытылған газ тапшылығына орай айыпталған жеті адамға түрлі жаза кесті. Облыстық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, соттың мамырдың 3-і күні шығарған үкіміне сай, Gold Steps компаниясының коммерциялық директоры Арман Сыздықов 4 жылға сотталды. Компания директоры Берік Есеновтің автокөлігі тәркіленді. Тағы бес адамға бас бостандығын үш жылға шектеу жазасы кесілді.

Аймақта сұйытылған газ тапшылығы туындағаннан кейін үстінен қылмыстық іс қозғалған бұл азаматтарды Ақтөбе қалалық соты 5 наурыз күні ақтап шыққан еді. Қалалық сот "Аймаққа тиесілі әлеуметтік газды Ауғанстанға сатып, миллиондаған доллар пайда таппақ болды" деп айыпталған азаматтарды ақтап қана қоймай, судья Ербол Әбдіқалықов олардан кешірім де сұраған еді.

26 наурызда Ақтөбе көлік прокуртурасы қалалық сот үкіміне апелляциялық шағым берген. Бұдан соң ақталған сотталушылардың туыстары Ақтөбе көлік прокуроры Аблайбек Ордабаевтың отставкаға кетуін талап етіп, наразылық танытқан.

3 мамыр күні облыстық сот бұл істі прокуратура наразылығына орай қайта қарап, Gold Steps компаниясының директоры Берік Есеновке 1500 айлық есептік көрсеткішке тең (3 607 500 теңге) айыппұл салды. Бірақ Есеновтің осыған дейін бір жылға жуық тергеу изоляторында отырғаны есепке алынып, ол жазадан босатылды. Сот үкімімен Есеновтің автокөлігі тәркіленетін болды.

Сұйытылған газ тапшылығы ісіне қатысты жалпы саны сегіз адам айыпталған. Gold Steps компаниясының директоры Берік Есенов пен тағы екі айыпталушы қалалық сот ақтағанға дейін бір жылдай уақыт тергеу изоляторында отырды. Қалған бесеуі ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта болған. Солардың бірі – кәсіпкер Кәміл Төлегеновтің бас бостандығын Ақтөбе қалалық соты 5 наурызда екі жылға шектеген. Бұл жолы облыстық сот үкімнің Кәміл Төлегеновке қатысты тұсын сол қалпында қалдырып, қалған жеті адамның жазасын өзгертті.

Былтыр көктемде облыста сұйытылған газ тапшылығы туындаған соң Ақтөбе облысының әкімдігі "облыс халқының ішкі сұранысына бөлінген газды шетелге заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін" хабарлаған. Газ тапшылығы басталған соң мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі, Бас көлік прокуратурасының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізген.

Әуелде жергілікті билік аймақтағы сұйытылған газ тапшылығын газбен жүретін көлік санының 54 пайызға артуымен және үкімет бөлген квотаның өңір қажеттілігін толық өтей алмай отырғанымен байланыстырған еді. Кейін әлеуметтік газды Ақтөбедегі бекеттерге бөліп беруі тиіс екі фирманың "экономикалық контрабандамен айналысқаны" xабарланған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG