Accessibility links

Сот Алмат Жұмағұловты қамаудан босатпады


Белсенді Алмат Жұмағұлов (сол жақта) пен адвокаты Жанар Балғабаева қамауда ұстау мерзімін ұзарту бойынша сотта отыр. Алматы, 19 сәуір 2018 жыл.
Белсенді Алмат Жұмағұлов (сол жақта) пен адвокаты Жанар Балғабаева қамауда ұстау мерзімін ұзарту бойынша сотта отыр. Алматы, 19 сәуір 2018 жыл.

Мамырдың 4-і күні Алматы қалалық соты белсенді Алмат Жұмағұловты қамау мерзімін тағы бір айға созу туралы аудандық сот шешімін күшінде қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Жанар Балғабаева хабарлады.

- Қылмыстық қудалау органдары сараптаманың дайын болмағанын айтып, ешқандай дәлел келтірмей, Алмат Жұмағұловты қамауда қалдыру керегін айтты. Іс жүзінде, дайын болған барлық сараптамалармен танысып жатырмыз. Олардың бәрі де Алматтың аталған видеоға қатысы жоқтығын дәлелдейді. Жалпы қылмыстық құрамы да жоқ. Бірақ соған қарамастан прокурор еш дәлел-дәйек келтірмей, оны қамауда қалдыруды сұрады, - дейді Жанар Балғабаева.

19 сәуірде Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылғасова азаматтық белсенді, "терроризмге шақырды" деген күдікпен қамалған Алмат Жұмағұловты қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартқан. Адвокат бұдан соң аудандық сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Сот қаулысы бойынша, Жұмағұлов қамауда кем дегенде 28 мамырға дейін отырады. Адвокаттың болжамынша, тергеу амалдары толық аяқталмағандықтан қамау мерзімі одан әрі де ұзаруы мүмкін.


Алмалы аудандық соты былтыр 28 қарашада Алмат Жұмағұловты екі айға қамау туралы шешім шығарған. Келесі күні Жұмағұлов тергеу абақтысында қылмыстық қудалау органының іс-әрекетіне қарсылық ретінде аштық жариялаған. Белсенді Алмат Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі, яғни, "терроризмді насихаттау және террорлық актіге жария түрде шақыру" бабы бойынша айып тағылып отыр. Күдікті өзінің кінәсіз екенін айтып, айыпты өзінің қоғамдық-саяси белсенділігімен байланыстырады. Құқық қорғаушылар Жұмағұлов қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламасын қолдағандықтан қамалып отыр деп санайды. Наурыздың ортасында Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG