Accessibility links

OCC мұнайшылары тәуелсіз кәсіподағына қатысты сот басталды


Тахир Ерданов, OCC мұнайшылары кәсіподағының заңгері.
Тахир Ерданов, OCC мұнайшылары кәсіподағының заңгері.

Ақтау қалалық №2 сотында Oil Construction Company (OCC) мұнайшыларының Әмин Елеусінов құрған кәсіподағына қатысты сот процесі басталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. OCC мұнайшылары кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов бас бостандығынан айырылған соң, оның міндетін уақытша атқарып жүрген Берік Бекбаевтың кандидатурасымен келіспеген мұнайшылар 2018 жылғы наурыздың 15-сінде кезектен тыс конференция өткізіп, онда Құспан Қосшығұловты кәсіподақ төрағалығына сайлаған.

Бұдан соң Берік Бекбаев мұнайшылар өткізген бұл конференция хаттамасын жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа шағымданған.

3 мамыр күні басталған алғашқы сот тыңдауы кешке қарай аяқталды. Сот процесі барысында ОСС мұнайшыларының тәуелсіз кәсіподағы ұйымының заңгері Тахир Ердановтың айтуынша, сәуірдің 11-i күні Маңғыстау облыстық экономикалық соты облыс әкімдігінің арызы бойынша ОСС компаниясының тәуелсіз кәсіподақ ұйымын жабу туралы шешім шығарған.

- Бұндай сот шешімінен соң бұл талап арызды қараудың заңдылығы жоқ. Мұның үстіне, Бекбаев тәуелсіз кәсіподақ мөрін беруден бас тартқан соң біз ол мөрдің жойылғаны туралы әділет департаментіне ресми хабарлама жолдадық, - деді Тахир Ерданов.

Сот оның өтінішіне қатысты бөлек акті шығарып, процестің жалғасатынын хабарлады.

Сотқа Берік Бекбаевтың өзі мен мұнайшылар қатыспады. Бекбаевтың атынан сотқа қатысқан компания заңгері Нұржан Оразовтың сөзінше, тәуелсіз кәсіподақ мүшелері ретінде аты-жөндері аталған Құспан Қосшығұлов, Мақат Жайлаубаев, Мақсот Таспаев, Құсайын Жылқышиевтардың кәсіподаққа қатысы жоқ.

- Кәсіподақтың атауының өзінде ОСС компаниясы қызметкерлерінің кәсіподағы деп жазылған, ал бұл адамдар ОСС-да жұмыс істемейді, - деді Нұржан Оразов сотта.

Бұл уәжбен келіспеген Тахир Ерданов конституцияға сай Қазақстан азаматтарының қандай ұйым, бірлестік я партияға болсын, мүше болуға ерікті екенін ескертті.

Сотта Ерданов соттың мұнайшылар кәсіподағын салалық кәсіподаққа тіркелмеген деген уәжбен жапқанын, бірақ шын мәнінде мұнайшылар кәсіподағы Шымкеттегі Жанармай энергетикалық комплексі салалық кәсіподағына тіркелгенін айтты. Оның сөзінше, Шымкенттегі кәсіподақты ешкім жапқан жоқ.

Сот процессі мамырдың 22-сінде жалғасатын болды. Істі қарап отырған судья Мәншүк Жұмаева сотқа конференцияға қатысқан мұнайшылар делегатының және шағымданушы Берік Бекбаевтың өзі келуін талап етті.

Тахир Ерданов сотта енді тәуелсіз кәсіподақ конференциясына қатысқаны үшін мұнайшылар тағы қудаланатын болды деп уайымдайтынын айтты.

Бұған дейін де Әмин Елеусінов кезіндегі кәсіподақтың басқарма мүшелері жұмыстан шығарылған мұнайшылардың кәсіподақ жарғысына сүйеніп, 2017 жылғы 1 наурызда басқарма мүшесі Құспан Қосшағұловты төраға міндетін уақытша атқарушы етіп сайлаған еді. Алайда ОСС компаниясының әкімшілігі бұл кәсіподақты мойындамаған.

Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап еткен ОСС мұнайшылары 2017 жылдың 5-24 қаңтары аралығында аштық акциясын өткізген еді. Жұмыс беруші - Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде 292 адам, Қаламқас кенішінде 270 адам, Жетібай кенішінде 100-ге тарта адамның аштық жариялағанын мәлімдеген. Жұмыс берушінің арызын қолдаған Ақтау қалалық №2 соты қаңтардың 19-ында бұл акцияны заңсыз деп танып, оны тоқтатуға шешім шығарған.

63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот оларды 20-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл және Қаламқас, Жетібай кеніштерінде тамақ ішпегендіктен компанияға келген "материалдық зардап" үшін 4 миллион теңге төлеуге міндеттеген.

2017 жылдың сәуір айында Астана соты кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусіновті "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды", "полицейлерге тіл тигізді, бағынбады" деп екі жылға, ал Нұрбек Құшақбаевты "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатты" деген айыппен екі жарым жылға бас бостандығынан айырған.

2018 жылғы 25 сәуірде республикалық Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының басшысы Лариса Харькова пен Нұрбек Кұшақбаев және Әмин Елеусіновтің халықаралық Артур Свенссон атындағы сыйлық иегері болғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG