Accessibility links

БАҚ: Трамп Иран келісімінен бас тартпақ


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

8 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ядролық келісіміне қатысты шешімін жарияламақ. Бұл туралы Трамп Twitter парақшасында хабарлады.

The New York Times газетінің хабарлауынша, Трамп сейсенбі күні АҚШ-тың Иран келісімінен шығатынын айтады.

АҚШ заңдарына сай ел президенті әр алты ай сайын Конгреспен ақылдасып, келісім Вашингтонның мүддесіне сай келу я келмеуін талқылайды. Президент сайлауы алдында Трамп Иран ядролық келіссөзін "ақылға сыймайды" деп бағалап, "бұл келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді" деген.

2015 жылы шілдеде Иран мен алты мемлекет - АҚШ, Германия, Қытай, Ұлыбритания, Ресей және Франция арасында қол қойылған келісім бойынша, Тегеран ядролық бағдарламасын шектейтін болса Иранға салынған халықаралық санкцияларды жұмсарту көзделген еді. Бірақ 2016 жылы АҚШ президенті болып сайланған Трамп Иранмен жасалған келісім шарттарын қатайту қажет деп біледі.

Иран президенті Хасан Роухани АҚШ "2015 жылғы ядролық келісімнен шықса опық жейді" деген.

Германия, Франция, Ресей, Қытай мен Ұлыбритания Вашингтонды бірлесіп қол қойған келісімнен шықпауға шақырған. Бұл бес мемлекет келісімді Иранның ядролық қару иемдену ниетіне бөгет қоюдың ең оңтайлы тәсілі деп санайды.

Егер АҚШ Иран ядролық келісімінен шықса Вашингтонның Тегеранға қатысты санкциялары қайта күшіне енеді.

XS
SM
MD
LG