Accessibility links

Сот Ерімбетовті қамауда қалдырды


Ескендір Ерімбетов.
Ескендір Ерімбетов.

17 мамырда Алматы қалалық аппелляциялық соты қамаудағы Ескендір Ерімбетовті қамаудан босату туралы шағымын қанағаттандырмады. Ерімбетов Медеу аудандық сотының 13 маусымға дейін қамауда қалдыру туралы шешіміне аппелляциялық шағым түсірген. 46 жастағы кәсіпкердің адвокаты Жанар Балғабаеваның Азаттыққа хабарлауынша, "шешім түпкілікті, дереу күшіне енеді және қайта қаралмайды".

Сот отырысына прокурор, айыпталушы Ескендір Ерімбетовтің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы мен адвокаттары қатысты.

Жарыссөзде Ерімбетовтің авдокаттары оны тергеу изоляторында жазықсыз отырғанын дәлелдеуге тырысты. Кәсіпкердің әкесі Мырзахан Ерімбетов тергеу кезіндегі "түрмедегі заңсыздықтар" туралы айтты. Бірақ прокурор оның сөзімен келіспей, қамауда отыру туралы сот шешімінің заңды екенін айтты.

Былтыр қарашаның 13-і күні тұтқындалған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі содан бері қамауда отыр. Тергеу дерегінше, олар "БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен". Ерімбетовтің туыстары мен жақтастары кәсіпкерді кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды. Бельгия саяси баспана берген Бота Жәрдемәлі қазір Еуропада тұрып жатыр.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы биыл қаңтардың 24-і күні 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында "азаптап жатыр" деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз: Польша депутаты: Ерімбетов азаптау туралы айтты

Сәуірдің ортасында Қазақстанға жергілікті құқық қорғау ұйымдарының шақыруымен келген Польша Сеймі депутаты Марчин Свенчицки мен италиялық құқық қорғаушы Антонио Станго өздері Алматының тергеу абақтысына арнайы барып кездескен Ескендір Ерімбетовтің өткен желтоқсан және қаңтар айларында тұтқында азаптау мен соққыға душар болғанын айтып бергені туралы Азаттыққа хабарлаған.

10 мамырда Алматыда өткен "саяси тұтқындарды босатуды талап еткен" наразылық шарасында Ерімбетовтің туыстары оны қамаудан шығаруды талап еткен.

XS
SM
MD
LG