Accessibility links

Роухани ислам әлемін Израильмен қатынасты үзуге шақырды


Иран президенті Хасан Роухани.
Иран президенті Хасан Роухани.

Иран президенті Хасан Роухани мұсылман елдерін Израильмен қарым-қатынасты үзіп, АҚШ-пен арадағы сауда-экономикалық байланыстарын "қайта қарауға" шақырған. Роухани бұл үндеуін Вашингтон осы аптада Израильдегі елшілігін Иерусалимге көшіргеннен кейін жасады.

Мамырдың 18-і күні Түркияның Стамбул қаласында өткен мұсылман елдері саммитінде президент Роухани Тегеран мен әлемдік державалар арасында 2015 жылы жасалған ядролық келісімнен Вашингтонның шығатыны және Иранға қарсы санкцияларды қайта жаңғыртатыны туралы жақында жариялаған АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігін әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген "үлкен қатер" деп атаған.


Роуханидің сөзінше, мұсылман елдеріне Вашингтонмен саяси және экономикалық байланыстарын "қайта қарауды" ойластырған жөн болмақ. Ол мұсылман әлемін Израильмен "қарым-қатынасты үзуге" және онымен сауда жасауға бойкот жариялауға шақырған.

"Егер Израиль мұсылман әлемінің бірлескен қарсылығына тап болса, ол ешқашан қылмысын жалғастыра алмайды", - деген Иран президенті.

Оның мәлімдеуінше, "палестиналықтардың жаңа әрі жас буыны өз құқықтарын сезінеді, олар алған бетінен қайтпайды және ымыраға да бармайды".

Стамбул саммитінде бір жағында шииттер басқаратын Иран және екінші жағында сүнниттер билік құрған Сауд Арабиясы мен Таяу Шығыстағы өзге елдердің арасындағы өте сирек болатын ауызбіршілікті байқатты. Тегеранның Сириядағы азамат соғысына араласып, Йемендегі көтерілісшілерді қолдауы араб елдерінің қарсылығын туғызған.

XS
SM
MD
LG