Екі күнге жалғасқан күрделі келіссөздерден кейін АҚШ пен Қытай екіжақты сауда саласындағы принципті келіспеушіліктерге байланысты мәмілеге келді. Сенбі күні жарияланған бірлескен мәлімдемеде Қытайдың сауда теңгеріміндегі олқылықты түзеу үшін америкалық тауар мен қызмет түрлері импортын "анағұрлым ұлғайтуға" келіскені айтылған. Пекинге келіссөз өткізуге келген америкалық жоғары лауазымды өкілдері делегациясының негізгі талабы осы болатын.
Қытай тарапының бұл келісімі қаржылай қаншаға түсетіні әзірге айқын емес. АҚШ жағы 200 миллиард доллар деген деректі атаған, бірақ Қытай Сыртқы істер министрлігі оны растаған жоқ.
Бірлескен мәлімдемеге сәйкес, Қытай "елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ету және қытай халқының артып келе жатқан материалдық қажеттілігін өтеу мақсатында" америкалық өнімдерді сатып алуды айтарлықтай ұлғайтатыны, ал ол өз кезегінде АҚШ-та еңбекпен қамту және өсім қарқынын үдетуге септесетіні айтылған.
Мәлімдемеге сәйкес, америкалық ауыл шаруашылығы өнімдері мен энергия қоры қытай импортының басым бағыттары болуы тиіс.
Бұған дейін Вашингтон мен Пекин ондаған миллиард доллардың баж салығын енгізетіндерін айтып, бір-біріне сес көрсеткен. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық технологияны Иран мен Солтүстік Кореяға заңсыз экспорттағаны әшкереленген қытайлық ірі ZTE байланыс компаниясын санкцияға ілігуден құтқаруға күш салатынын мәлімдегеннен кейін екі елдің арасындағы сауда мәселелеріне қатысты ахуал біраз жақсарған.