Астанада бизнесмен, "Эксимбанк Казахстан" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Еркін Әмірханов қамауға алынды деп хабарлайды жергілікті zakon.kz порталы. Оны "коммерциялық пара" ісі бойынша күдікті ретінде ұстаған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті порталға берген ресми жауабында Әмірхановқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары 3 мамырда басталғанын хабарлаған.
“2018 жылы 3 мамырда ұлттық қауіпсіздік комиитетінің тергеу комитеті "Центрказэнергомонтаж" АҚ-ның (Астанада мемлекеттік келісім-шарттар бойынша мердігерлік жұмыстармен айналысады) сатып алу қызметі бойынша бұрынғы төрағасы Еркін Әмірхановқа қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Ол қылмыстық кодекстің 253-бап 6-бөлімінде (коммерциялық паралау) қарастырылған қылмыстық іс бойынша күдікті” делінген жауапта.
Әмірхановты 5 мамырда ұстаған. Ал 6 мамырда Астананың №2 Есіл аудандық соты оны екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарған.
Еркін Әмірханов бірнеше жыл бойы Қазақстандағы ең бай 50 адам қатарына кірген. Forbes мәліметінше, 2017 жылы оның байлығы 135 миллион доллар болған.
ПІКІРЛЕР