Accessibility links

Ескендір Ерімбетовтың ісі сотқа жіберілді


Қамаудағы кәсіпкер Ескендір Ерімбетов
Қамаудағы кәсіпкер Ескендір Ерімбетов

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтың ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне адвокат Жанар Балағабаева хабарлады.

- Біз кеше айыптау актісін алдық. Іс сотқа жіберілді. Әзірге, қай сот екені белгісіз. Бұл бес күннің ішінде анықталады. Белгілі болғанда ол туралы жазамыз, - деді Жанар Балғабаева.

17 мамырда Алматы қалалық соты Ескендір Ерімбетовті қамаудан босату туралы аппеляциялық шағымын қанағаттандырмаған. 5 мамырда Медеу аудандық соты оны қамау мерзімін 13 маусымға дейін ұзарту жөнінде шешім шығарған.

Былтыр қарашаның 13-і күні тұтқындалған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі содан бері қамауда отыр. Тергеу дерегінше, олар "БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен". Ерімбетовтің туыстары мен жақтастары кәсіпкерді кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды. Бельгия саяси баспана берген Бота Жәрдемәлі қазір Еуропада тұрып жатыр.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы биыл қаңтардың 24-і күні 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында "азаптап жатыр" деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Сәуірдің ортасында Қазақстанға жергілікті құқық қорғау ұйымдарының шақыруымен келген Польша Сеймі депутаты Марчин Свенчицки мен италиялық құқық қорғаушы Антонио Станго өздері Алматының тергеу абақтысына арнайы барып кездескен Ескендір Ерімбетовтің өткен желтоқсан және қаңтар айларында тұтқында азаптау мен соққыға душар болғанын айтып бергені туралы Азаттыққа хабарлаған.

10 мамырда Алматыда өткен "саяси тұтқындарды босатуды талап еткен" наразылық шарасында Ерімбетовтің туыстары оны қамаудан шығаруды талап еткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG