Accessibility links

Азаттық тілшісі Сапармамед Непескулиев бостандыққа шықты


Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) тілшісі Сапармамед Непескулиев.
Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) тілшісі Сапармамед Непескулиев.

Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) тілшісі Сапармамед Непескулиев бостандыққа шықты. Ол «есірткі сақтаған» деген айыппен сотталып, үш жыл түрмеде отырды. Әріптестері билік кәсіби міндеттерін атқарған журналистен кек алу үшін ойдан құрастырылған айып тағып, жазалады деп санайды.

Сапармамед Непескулиевті 2015 жылы шілде айында тұтқындап, екі ай бойы ешкіммен жолықтырмай қамауда ұстаған. Туыстары мен әріптестері оны Түркіменстанда тыйым салынған медициналық препарат – трамадолды заңсыз сақтаған деген айыппен үш жылға соттағаны туралы тек кейін ғана естіген.


Непескулиев Түркіменстан туралы бірнеше сыни фоторепортаждар мен видеоматериалдары жарияланғаннан кейін ұсталып, жазаға тартылған. Сапармамед Непескулиев Түркіменстанның оңтүстік-батысындағы Балкан ауданында жұмыс істеген. Ол су және электр қуатымен қамтамасыз етудегі кемшіліктер, облыста медициналық қызмет көрсету қажетті деңгейде еместігі, кей жергілікті шенеуніктердің Каспий теңізі жағалауында өздеріне сәулетті үй-жайлар салып жатқаны туралы жазған.

Оқи отырыңыз: Түркіменстан түрмесіне түскен тілші

Халықаралық адам құқығын қорғаушылар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Ашғабатты журналисті түрмеден босатуға және БАҚ-қа қысым жасауды доғаруға бірнеше мәрте шақырған. Түркіменстанда бұқаралық ақпарат құралдары өте қатаң шектеледі, ал шетелдік басылымдармен жұмыс істейтін журналистердің үнін өшіру үшін оларға қысым жасау, қорқытып-үркіту, бас бостандығынан айыру тәрізді әдіс-амалдар жиі қолданылады. Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі Солтан Ачиловаға бірнеше мәрте қысым көрсетіп, журналистке мақсатты түрде шабуылдап, қоқан-лоққы көрсеткен. Соңғы рет биыл мамырдың 9-ы күні редакция тапсырмасы бойынша материал дайындап жүрген Ачилованы көшеде билік өкілдері ұстап, қоқан-лоқы көрсетіп, дөрекілік танытқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG