Accessibility links

Нұрбек Құшақбаев бостандыққа шықты


Oil Construction Company компаниясы мұнайшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев сотта өзіне үкім оқылғаннан кейін әйелімен тілдесіп тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.
Oil Construction Company компаниясы мұнайшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев сотта өзіне үкім оқылғаннан кейін әйелімен тілдесіп тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының еншілес мекемелерінің бірі Oil Construction Company (OCC) кәсіподағының абақтыдағы бұрынғы еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев мамырдың 28-і күні бостандыққа шықты. Оны мерзімінен бұрын босату туралы сот қаулысының күшіне енгені туралы Азаттық тілшісіне Павлодар қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

- Нұрбек Құшақбаевты мерзімінен бұрын шартты түрде бостау туралы сот шешімі күшіне енді. Ешқандай наразылық шағым тіркелмеген, - деді Азаттыққа №2 Павлодар қалалық сотының баспасөз хатшысы Гүлсім Ақтаева.

Павлодардағы АП-162/3 мекемесінен 36 жастағы Нұрбек Құшақбаевты қарсы алуға оның туыстары, жұбайы және бұрынғы кәсіподақтағы серіктері барды.

Нұрбек Құшақбаевты қарсы алуға барған жолдастарының айтуынша, ол ертең, яғни 29 мамыр күні Ақтауға пойызбен жолға шығады.

Oil Construction Company-дің бұрынғы лидерлерінің бірі Нұрбек Құшақбаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулыны №2 Павлодар қалалық соты мамырдың 10-ы күні шығарған.

OCC компаниясы жұмысшылары кәсіподақ ұйымының бұрынғы еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты 2017 жылғы сәуірдің 7-і күні Астананың Алматы ауданы 2-соты қылмыстық кодекстің "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату" бабы бойынша айыпты деп танып, екі жарым жылға бас бостандығынан айырған. Істі қараған судья Айжан Күлбаева Нұрбек Құшақбаевтың екі жыл мерзімге қоғамдық қызмет атқаруына тыйым салып, жәбірленуші тарап Techno Trading компаниясы талап еткен 25,2 миллион теңге "материалдық шығынды" өндіру туралы шешім шығарған.

Нұрбек Құшақбаев Ақтауда 2017 жылғы 20 қаңтарда ОСС кәсіподағы кеңсесінде және "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына тиесілі Қаламқас, Жетібай кеніштерінде бірнеше жүз жұмысшының жаппай аштық акциясы кезінде ұсталған еді. Оны Астанаға апарып, сол жерде оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған. ОСС жұмысшылары Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын Әділет министрлігінің арызы бойынша жабу туралы биліктің шешіміне қарсылық білдірген еді. Конфедерация жабылса оның құрамындағы ОСС кәсіподағы ұйымына да жабылу қаупі төнеді деп уайымдаған мұнайшылар конфедерацияға тиіспеуді талап етіп аштық жариялаған.

Нұрбек Құшақбаевпен қатар екі жылға бас бостандығынан айырылған Oil Construction Company кәсіподағы ұйымының бұрынғы жетекшісі Әмин Елеусінов те мамырдың 22-сі күні мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан.

Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған.

Биыл сәуірдің 26-сында Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев пен Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының лидері Лариса Харькова Артур Свенссон атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. "Кәсіподақтардың Нобель сыйлығы" деп аталып кеткен бұл марапат жұмысшылар құқын қорғауда ерекше үлес қосқандарға беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG