Accessibility links

Ақтөбеде мектепке бармаған оқушыларға сабақ өткізіле бастады


Гүлназ Мырзағалиева, Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары міндетін атқарушы. 30 мамыр 2018 жыл.
Гүлназ Мырзағалиева, Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары міндетін атқарушы. 30 мамыр 2018 жыл.

Ақтөбеде "орамал дауына" орай сабаққа келмей, төртінші тоқсанның соңғы аптасында райынан қайтқан отбасы балалары үшін мектептерде қосымша сабақтар өткізіле бастады. Бұл оқушылардан маусым айының ортасында бақылау жұмысы алынып, келесі сыныпқа көшіріледі. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары міндетін атқарушы Гүлназ Мырзағалиева айтты.

- Негізі, оқу жылы 25 мамыр күні қорытындылануы керек. Бірақ біз оқу жылының соңында қатарға қосылған балалардың білімін бағалау үшін қосымша сабақтар жүргізе бастадық. Өйткені, екі тоқсан бойы мектепке келмеген балаға өтірік баға қоя алмаймыз. Егер райынан әлі де қайтпай отырған отбасылар баласының басындағы орамалын шешсе, біз олар үшін де қосымша сабақ өткізуге дайынбыз, - дейді Гүлназ Мырзағалиева.

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің мәліметінше, балалары №14 , №40 , №63 мектепте және Заречный мектеп-балабақшасында оқитын төрт ата-ана әлі де мектеп формасын сақтауға келісім бермей отыр.

- Қалай түсіндірсек те, бұл ата-аналармен келісімге келе алмай отырмыз. Тіпті балаларының басына лента (байлауыш) тағуға да рұқсат бердік. "Оқымаса оқымай-ақ қойсын!" дейді. Балаға обал. Соттасып та көрдік. Сот алдында олар бас киім шешкенді іш киім шешкенмен пара-пар қылып айтады, - дейді Гүлназ Мырзағалиева.


Ақтөбе қаласы бойынша "орамал дауына" орай мектепке келмей отырған төрт оқушының бірі – 8 жастағы Кәусар. №40 мектептің 2-сыныбында оқитын Кәусар соңғы екі тоқсан мектепке бармаған. Кәусардың әкесі Рүстем Әбішев осы аралықта баласының репетитордан дәріс алғанын айтады.

- Балам сабақты жақсы оқиды. Мектепке барғысы келеді. Бірақ №40 мектеп директоры Бауыржан Сариннің бар білетіні - бізді қорқытып, үркіту ғана. Қағаздарын әкеліп "мынаған қол қой" , "мынаумен таныс", "баланы мектепке жібермесең, ата-аналық құқыңнан айырамыз" , "айыппұл саламыз" дейді. Мен ол кісімен тағы да сөйлесіп көремін. Егер баламның басына бони (орамалдан шағындау, ықшам байлауыш) тағуға рұқсат етсе, каникул кезінде қосымша сабақ алуына қарсы емеспін, - дейді Бауыржан Сарин.

Ақтөбе қалалық білім бөлімі "орамал дауына" орай мектеппен келісімге келмеген төрт бала барын айтады. Ал Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің дерегінше, қазір облыста екі тоқсан сабаққа қатыспаған 11 оқушы бар. Оның 9-ы қала мектептерінде оқиды.

Оқи отырыңыз: Орамал дауы үдеген жыл

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы өткен жылы күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG