Accessibility links

Германия Qazaq Banki акционерін Қазақстанға экстрадициялаған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанның сұрауы бойынша сәуірдің соңында Германияда ұсталған Qazaq Banki акционері Бақыт Ибрагим Астанаға жеткізіліп, тергеу абақтысына қамалды деп хабарлады бүгін Қазақстан Бас прокуратурасы. Ибрагимді Қазақстанға нақты қай күні әкелгені жайлы айтылмаған.

Прокуратура ақпаратында Бақыт Ибрагимді "Лидер Нефтепродукт KZ" компаниясы директоры деп атаған. Биліктің хабарлауынша, Ибрагим "топ болып астыртын сөз байласып, алаяқтық жолмен Bank RBK мекемесінен ірі көлемде ақша ұрлаған" деген күдікке іліккен. Прокуратура мәліметі бойынша, 2013 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде 50 миллиард теңге және 83 миллион АҚШ доллары ұрланған деген болжам бар.

Бұған дейін қазақстандық басылымдар "Бақыт Ибрагим - премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың үлкен қызы Меруерттің күйеуі" деп жазған. Сағынтаевтың қызы - Buro 24/7 Kazakhstan онлайн-басылымының иесі. Басылым сайтында қазір оның толық аты-жөні Меруерт Әбдір (Сағынтаевтың тегі - Әбдірұлы) деп көрсетілген. Бұрын ол БАҚ беттерінде Меруерт Ибрагим деп шығып жүрген.

Бақытжан Сағынтаев пен оның отбасы мүшелерінен ешкім әзірге Бақыт Ибрагимге қатысты пікір білдірген жоқ.


Қазақстан қор биржасының сәуірдің басындағы мәліметінше, Бақыт Ибрагимге Qazaq Banki акцияларының 10,71 пайызы тиесілі. Ол 2017 жылғы маусымның 12-іне дейін Qazaq Banki директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.

Сәуірдің 18-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк өкілдерімен кездесуде елдегі Astana bank, Qazaq banki және Эксим банктің жұмысын "нашар" деп бағалап, акционерлері мен басшыларын сынаған болатын. Назарбаев оларды "қарызға батып, салымшылар алдындағы міндетін орындамады" деп сөккен. Бұдан соң Ұлттық банк аталған үш банктің жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға және депозиттерін қабылдауға берілген лицензиясының күшін тоқтатқан.

Назарбаевтың сынынан кейін Qazaq Banki сайтында жариялаған комментарийінде кей көрсеткіштердің нашарлауын "ең алдымен 2013-2016 жылдары Бақыт Ибрагим (ірі қатысушы) мен өзге де басқарушылар тағайындаған адамдардың кезінде және басым бөлігі солармен тікелей байланысты қарыз алушыларға берілген сапасыз несиелердің салдары" деп түсіндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG