Accessibility links

Алматы облысында менингококк жұқпасынан бойжеткен қайтыс болған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматы облысы Қаскелең кентінде менингококк жұқпасынан 19 жастағы бойжеткен қайтыс болған. Бұл туралы облыстық денсаулық қорғау департаменті өкіліне сілтеме жасап қазақстандық басылымдар хабарлады. Облыстық департамент басшысы Ерғали Сыдымановтың айтуынша, науқас маусымның 2-і күні таңертеңгі сағат 7.25 кезінде Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасына түсіп, екі сағаттан соң қайтыс болған.

"Ол маусымның 1-і күні ауырып, алдымен фельдшер шақыртқан, кейін жедел жәрдем көлігі оны ауруханаға жеткізген", - деген Сыдымановтың сөзін келтірген Tengrinews агенттігі.

Алматы облыстық денсаулық қорғау департаменті басшысының сөзінше, науқас бойжеткен жұма күні кешкісін Алматы ауруханасына түсіп, бірер сағаттан соң менингогокк жұқпасынан шетінеген 5 жасар ұл баланың отбасымен таныс болғанын айтады. Мамандардың болжамы бойынша, бойжеткен қатерлі дертті әлгі баладан жұқтырған болуы ықтимал.

Ерғали Сыдымановтың айтуынша, Алматы облысында менингогокк жұқпасы себеп болған үш қаза тіркеліп отыр.


Бұған дейін Алматыда соңғы бірнеше аптада аса қатерлі дерттен бес адам (екеуі - балалар) қайтыс болғаны хабарланған.

Маусымның 1-і күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда жыл басынан бері 55 адамның менингококк инфекциясын жұқтырғаны анықталғанын, ауырғандардың көбі Алматыда (31 адам) тіркелгенін хабарлаған. Ол ауру жұқтыру оқиғаларын эпидемия деп санамайтынын, "жағдай бақылауда екенін" айтқан болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG