Accessibility links

Тұтқын Олег Сенцов өзін қолдағандаpға алғыс айтты


Олег Сенцов.
Олег Сенцов.

Ресейдің солтүстік аймағындағы түрмеде 20 жылдық жазасын өтеп жатқан украиналық режиссер Олег Сенцов өзіне қолдау танытып, оны бостандыққа шығаруды талап еткен барша жұртқа алғысын білдіріп хат жазған. Хаттың мәтіні Facebook әлеуметтік желісінде және ресейлік бірқатар басылымдарда жарияланды. Маусымның 22-і күні жазылған деп көрсетілген хатта тұтқындағы режиссер өзіне тілектес "киногер достардың әрбіріне үрейді жеңіп, үнсіз қалмай, батылдық танытқаны" үшін алғыс айтқан.

"Осы елде тұрып жатқан сіздердің қазір мені ашық түрде қолдап, тәуекелге барып отырғандарыңызды түсінемін. Аты-жөнін оларды танымағандықтан немесе бағасына жетпегендіктен емес, ешкім ұмыт қалмас үшін немесе әлдекімді ерекше бөле-жара атамайын деген оймен жазбадым. Мен баршаңызға разымын.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында кинематографистер өз съезінде бастаған өзгерістер совет адамдарының санасына қозғау салып, әуелі қайта құруға қозғау салды, кейін империяны күйретіп, азаттыққа жеткізді.

Бәлкім, қазір сіздерге елдеріңізде пайда болып, жетіліп жатқан бұрынғыдан да жексұрын империяны жою үшін тағы да сол міндетті атқаруға тура келер. Сіздерге сәттілік тілеймін! Бірақ соған қоса тамаша фильмдер түсіруді де ұмытпаңыздар!" деп жазған түрмеде отырған украиналық режиссер.

Ресей түрмесінде аштық жариялап жатқан украин режиссері Олег Сенцовтың хаты.
Ресей түрмесінде аштық жариялап жатқан украин режиссері Олег Сенцовтың хаты.

Олег Сенцов Ресейдегі барлық украиналық саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, мамырдың 14-інен бері аштық жариялап жатыр. Бұған дейін "Интерфакс" агенттігі Сенцовтың адвокаты Дмитрий Динзеге сілтеме жасап, денсаулық жағдайына байланысты төсек тартып жатқан тұтқынның Ресей президенті Владимир Путинге рақымшылық туралы өтініш беруден бас тартқаны туралы хабарлаған.

Оның алдында Еуропалық адам құқықтары жөніндегі сот Олег Сенцовқа аштықты тоқтату туралы ұсыныс айтқан, бірақ тұтқын оған көнбеген.


Ресей соты Олег Сенцовты Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде "теракт ұйымдастырмақ болған" деген айыппен 2015 жылғы тамызда 20 жылға соттаған. Құқық қорғаушылар мен Сенцовтың өзі бұл іс қолдан құрастырылған деп біледі. Ресей таққан айыпты жоққа шығарған Олег Сенцов түрмедегі аштық акциясын "соңына дейін" жалғастыра беретінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG