Accessibility links

Саакашвили "төте халық демократиясы" моделін ұсынды


Грузия экс-президенті Михаил Саакашвили.
Грузия экс-президенті Михаил Саакашвили.

Грузия экс-президенті Михаил Саакашвили елде қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен жұмыс істейтін "төте халық демократиясы" моделін енгізуді ұсынды. Саакашвили жаңа тұжырымдамасы жайлы ағылшын тілінде баяндаған видео-үндеуін жариялады.

Саакашвили түрлі әлеуметтік желілерге ұқсас электрондық платформа құруды ұсынған. Соның көмегімен кәмелеттік жасқа толған әр азамат саяси процестерге тікелей ықпал етуге болады деп түсіндіреді ол.

Саясаткердің сөзінше, жаңа платформаның көмегімен Грузия азаматтары қандай да бір заң жобасы жайлы бастама көтеріп, құжатты кері шақырып немесе қолдау білдіріп парламенттің жұмысына тікелей ықпал ете алар еді.

Сонымен бірге, Саакашвили тұжырымдамасын ұсынып отырған платформаның көмегімен азаматтар министрлерді, түрлі ведомстволар басшылары мен өзге де жоғары лауазымды шенеуніктерді отставкаға жібере алады. "Жеткілікті дауыс саны жиналатын болса, кез-келген лауазым иесі орнынан алынып, кез-келген орган таратылуы тиіс", – дейді Саакашвили.

Ол компьютері немесе смартфоны жоқ адамдарды да ескеріпті. Оның сөзінше, ондай адамдар "төте халықтық демократия" платформасын электрондық жеке куәліктің (ID карта) көмегімен пайдаланатын болады.

"Мысалы, егде жастағы зейнеткерді алайық. Ол ID картасын алып терминалға немесе почтаға барады, сол жерде оған қызметкерлер көмектеседі, немесе Әділет үйіне барып, ондағы адамға: "Балам, зейнетақыма мынанша лари қосылғанын қалаймын" деп тілегін айтады, - дейді Грузияның экс-президенті.


Саакашвили егер өзі негізі қалаған "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы Грузияда билікке келетін болса, өзінің бастамасы жүзеге асады деп уәде береді.

"Бұл төте халықтық демократия, барлық маңызды шешімдерді халық өзі қабылдайды. Бас прокурор кім болады, Әділет министрі етіп кімді тағайындаған дұрыс, кімнің еңбекақысы қанша болғаны жөн, саябақта көпқабатты үй салынсын ба – бұлардың барлығын сіздер өздеріңіз шешетін боласыздар... Грузия бұның бәрінде жаңашылдық бастамашысы болады", – дейді ол.

Украина билігі азаматтықтан айырып, ел аумағынан шығарып жібергеннен кейін Михаил Саакашвили қазір Нидерландта тұрып жатыр. Грузия билігі Саакашвилиді бірқатар қылмыстарға қатысы бар деп айыптайды. Саясаткер олардың бәрін жоққа шығарады. Оның жақтастары Грузиядағы негізгі оппозициялық күш болып қалып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG