Таиландта 9 шілдеде құтқарушылар үңгірде қалып қойған балалардың тағы төртеуін сыртқа шығарды. Осымен құтқару операциясының екінші күні үңгірде қалып қойғандардың сегізі сыртқа шығарылып, дәрігерлер мен психологтардың бақылауына алынды. Сүңгуірлер 10 шілде күнгі операцияда қалған адамдарды шығаруды жоспарлап отыр.
Жергілікті билік құтқарылған балалардың аты-жөнін атамай отыр. Журналистер олардың аты-жөні құтқару операциясы аяқталған соң жариялануы мүмкін екенін айтады. Сыртқа шығарылған балаларды әскерилер күзетіп тұр.
Маусымның 23-і күні Таиландтың Чианграй провинциясындағы үңгірлер кешенін зерттеуге барған 12 жасөспірім ұл мен олардың бапкері қатты нөсер салдарынан қайтар жолды су басып қалғандықтан кері шыға алмай қалған. Жұма күні оларды құтқару операциясына қатысып жатқан бұрынғы әскери сүңгуір қаза тапқан.
Таиланд билігі бұған дейін құтқару операциясына әлемнің әр елінен, негізінен Еуропадан келген сүңгуірлерлер қатысып жатыр деп мәлімдеген. Үңгірден су басқан жолмен шығатын әр баланың жанында екі дайвер бірге болады деп хабарланған.
ПІКІРЛЕР