Accessibility links

Ақтөбеде өзін шынжырмен таңған наразы тұрғын қамаудан шықты


Бақытжан Құрмановтың әкімшілік қамаудан босап шыққан сәті. Ақтөбе, 11 шілде 2018 жыл.
Бақытжан Құрмановтың әкімшілік қамаудан босап шыққан сәті. Ақтөбе, 11 шілде 2018 жыл.

Ақтөбеде облыстық прокуратура шарбағына өзін шынжырлап тастаған Бақытжан Құрманов 11 шілде күні 22:30 шамасында қамаудан шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Құрмановтың айтуынша, полиция оны прокуратураның жанынан ұстап алып кеннен кейін 8 шілде күні кешке сағат жеті шамасында Сазды полиция бөліміне жеткізген.

- Ертесіне - 9 шілде күні сотқа әкетер алдында бір котлет пен картоп езбесін жегенмін. Содан кейінгі екі тәулік бойы Елек полиция бөлімінде отырып, нәр татқаным жоқ. Яғни, қамауда отырып та наразылығымды жалғастыра бердім, - дейді ол.

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметінің мәліметінше, "полицияның заңды талабына бағынбаған" Бақытжан Құрманов үш тәулікке қамалған. Құқық қорғау органдары өкілдерінің заңды талабына бағынбады деп жазаланған Құрманов өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейді.

- 9 шілдеден бастап жалғыз мені төрт кісілік камерада ұстады. Бұлар мені мүлдем оқшаулап тастады. Жападан жалғыз отырдым. "Полицияға бағынбады дегендері де әншейін әңгіме. Соттың шешімімен келіспеймін! Мен полицияға қалай бағынбаппын? Қашқан жоқпын, алысқан жоқпын. Бес-алты адамның жүгіріп келіп, шынжырлаулы адамды ұстап әкетуі - менің тарапымнан көрсетілген қарсылық па сонда? - дейді Бақытжан Құрманов.

Әкімшілік жазаға тартылып, үш тәулік қамауда отырған Бақытжан Құрманов облыс прокурорымен кездесу туралы ниетінен айнымайтынын айтады.


Шілденің 8-і күні Ақтөбе қаласының тұрғыны 54 жастағы Бақытжан Құрманов облыстық прокуратура шарбағына өзін шынжырлап тастаған. Құрманов прокуратура алдына Хромтау ауданы Қопа ауылындағы 76 гектар жерді жеке меншікке сатып жіберген биліктің шешімін сотқа бергенімен, әділдікке қол жеткізе алмай келе жатқанын мәлімдеген. Құрманов өзіне облыс прокуроры келіп, арыз-шағымын тыңдамайынша орнынан қозғалмайтынын айтқан. Бірақ екі сағаттан полиция қызметкерлері оны көлікке салып алып кеткен.

Наразы тұрғын прокуратура шарбағына өзін шынжырмен таңды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG