Accessibility links

Министрлік Швейцария қайтарған қаржының жартысын әлі игермеген


Қазақстан инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Көрнекі сурет.
Қазақстан инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Көрнекі сурет.

Қазақстан инвестициялар және даму министрлігі "халықтан ұрланды" деп Швейцарияда бұғатталған, кейін "Қазақстан халқының мүддесіне жұмсау үшін" грант ретінде қайтарылған 48,8 миллион доллардың жартысы – министрлікке бөлінген 21,76 миллион доллардың қалай жұмсалғаны туралы Азаттық сұрағына жауап берді.

Шілденің 10-ы күні интернетте жемқорлық ісіне байланысты Швейцарияда бұғатталған 48,8 миллион долларды Қазақстанға қайтарғаннан кейін қалай жұмсалғаны туралы зерттеу жарық көрген.

Швейцария даму және әріптестік агенттігі ақшаны Дүниежүзілік банкінің қоры арқылы грант түрінде қайтарған. Келісімге сай, 48,8 миллион доллар Қазақстандағы "Энергияны үнемдеу" бағдарламасы мен "Жастар корпусы" бағдарламасына теңдей (әрқайсына – 21,76 млн доллар) бөлінуі тиіс болған.

Оқи отырыңыз: Швейцариядан қайтқан қаржы қайда жұмсалды?

Азаттық осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігіне екі жобаның бірі - "Энергияны үнемдеу" бағдарламасы қалай іске асып, бөлінген қаржының қалай игерілгені жайлы сауал жіберген.

Министрлік зерттеуімен танысқанын, қаржы бөлінген соң Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасында энергия тиімділігін арттыру жобасы бойынша грант туралы келісімге қол қойылғанын айтты.

Жобаны іске асыруға бөлінген 21,763 миллион доллардың әзірге 8,5 миллион доллары игерілген.
Инвестициялар және даму министрлігі

Инвестициялар және даму министрлігінің жауабына сай, жобаны іске асыруға бөлінген 21,763 миллион доллардың қазір 8,5 миллион доллары игерілген. Келісім бойынша, жоба 2015 жылғы наурыздан басталып, 2019 жылы 31 наурызда аяқталуы тиіс.

Министрлік жоба мақсатын "мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар объектілердің энергия тиімділігін жақсарту және энергетиканы орнықты қаржыландыру үшiн қолайлы ортаны құру" деп көрсеткен.

Ресми жауапта "жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанда 2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен 85 мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар объекті (жөндеу үшін) іріктелгені" жазылған. Министрліктің сөзінше, алты облыстағы бірнеше объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған, кейбірі әлі жөнделіп жатыр.

"ҚҰПИЯ ДЕРЕК"

48,8 миллион доллардың жартысы берілген екінші жобаны - "Жастар корпусы" бағдарламасын зерттеу авторлары ашық айыптайды.

Олар "қайтқан ақша азаматтық қоғамға жұмсалмаған, бұл ақшаны Қазақстан билігіне жақын ұйымдар алды" деп жазады. Азаттық осыған қатысты Білім және ғылым министрлігіне, Жастар корпусы жобасының үйлестіру агенттігіне, "Нұр Отан" төрағасының бірінші орынбасарына ресми түрде сұрау салған.

​Сауалхатқа жоғарыда көрсетілген органдар ішінен әзірге тек Жастар корпусы жобасының үйлестіру агенттігі ғана жауап берді. Бірақ агенттік Азаттық сұрақтарына жауап берместен, "жобаны іске асыру бойынша барлық ақпарат құпия екенін, келісім-шарт бойынша ешбір дерек тапсырыс берушінің – Білім және ғылым министрлігінің рұқсатынсыз берілмейтінін" жазған.

10 шілдеде жарияланған зерттеуде "қайтарылған қаржы "Нұр Отан" партиясына, Қазақстан президентімен байланысы бар органдарға берілген. Швейцария қайтарған ақша "Нұр Отан" партиясының жастар қанатының үгіт-насихат шараларына, пропагандалық материалдарына, партияның идеологиясын нығайтуға, билікті күшейтуге жұмсалған" деп жазылған.

Оқи отырыңыз: "Бота" қоры және "Қазақгейт" ісі

Бұған дейін 2008 жылы Швейцария шығу тегі бұлыңғыр "Қазақгейт" ісімен байланысы бар 84 милллион долларды Қазақстанға қайтарған. Кейін Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері 2007 жылы келісімге қол қойған. Нәтижесінде "Бота" қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен ақшаны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылданған. Аталған қор үш бағдарлама бойынша жұмыс жасап, 2014 жылы маусымда "қордың ақшасы таусылғандықтан" жабылған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG