Accessibility links

Ерімбетов адвокаттары судьяны істен шеттете алмады


Ерімбетов ісінің судьясы Шәкіровтен бас тарту туралы өтінішті қараған Медеу аудандық сотының судьясы Тұрсынхан Салықов. 20 шілде, 2017 жыл.
Ерімбетов ісінің судьясы Шәкіровтен бас тарту туралы өтінішті қараған Медеу аудандық сотының судьясы Тұрсынхан Салықов. 20 шілде, 2017 жыл.

"Алаяқтық жасады" деп айыпталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен бірнеше азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша 20 шілдеде өткен сот отырысы адвокат Серік Айтбаевтың судья Тәкен Шәкіровтен бас тарту туралы өтінішін қараудан басталды. Өтінішті қарауда Медеу аудандық сотының судьясы Тұрсынхан Салықов төрағалық етті.

19 шілдеде тергеу басталмай тұрып адвокат Серік Айтбаев судьядан бар тарту туралы өтініш берген. Оның сөзінше, судья Шәкіров тергеу мен айыптау тарабының кемшіліктерін түзеп, (тергеуге) мүдделілік танытып, процесті айыптау сипатында жүргізіп отыр.

Оқи отырыңыз: Ерімбетов адвокаты судьяның "біржақтылығынан" сезіктенеді

Адвокат судьядан бас тарту себебін "судья Шәкіров жәбірленушіге тергеуге қажетті құжатты реттеуіне уақыт беріп, оны бірнеше рет тергеуге тырысты" деп түсіндірген.

Бұған дейінгі – сәрсенбідегі сот отырысында судья Шәкіров "Жамбыл облысы әкімдігінің өкіліне сотта жәбірленуші ретінде түсінік беру үшін қажетті құжаттың бәрін алып келуді" қатаң ескерткен. Судья Шәкіров "әйтпесе Жамбыл облысы әкіміне телефон соғуға мәжбүр боламын" деген.

Адвокат Айтбаев судьяның бұл әрекетін "айыптау тарабы үшін айғақтардың жиналуына мүдделі болып отырғанының көрінісі" деп атаған.


Судья Шәкіровтен бас тарту туралы өтінішті қарау кезінде Ескендір Ерімбетов қорғаушыларының және бірі – Жанар Балғабаева әріптесі Айтбаевты қолдады. Василина Соколенконың адвокаты Владимир Кизуб та адвокат өтінішін қуаттады. Бірақ Михаил Зоровты қорғайтын адвокат Ольга Ким "сот процесінің ұзап кеткенін" айтып, судьядан бас тарту өтінішін қолдаған жоқ.

Айыпталушының өзі – Ескендір Ерімбетов сот басталғалы "судья өзіне біржақты және процесті айыптауға бейім етіп жүргізіп келе жатқанын" айтып, адвокатының өтінішін қолдады.

Ерімбетов "азаптау туралы қанша шағымданса да, судья Шәріповтің оны қабылдамағанын" айтады. "Тек кеше ғана жазбаша арызды қабылдады. Бірақ бәрібір ештеңе өзгермеді", - деді ол.

19 шілдеде өткен сот отырысында Ерімбетов өзіне "психологиялық қысым жасалып жатқаны" жайлы ресми мәлімдеген. Ол "маған тергеу изоляторында жанымда отырғандар арқылы қысым жасап жатыр. (Мені) дәлізбен алып өткенде бұрын бір камерада отырып, мені азаптауға араласқан кейбір адамдарды байқап қалдым" деген.

ВИДЕО: Ерімбетов сотта азаптау туралы айтты

Ерімбетов сотта сөйледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Ерімбетовтің айтуынша, азаптауға қатысы бар адамдарды өзінің шағымынан кейін тергеу изоляторының басқа қабатына көшірген. "Бірақ қазір олар менің камерамның жанында отырады. Түрмеде еркін-жүріп тұрады. Менімен өздерін агрессивті ұстап, қоқан-лоққы көрсетеді", - деген Ерімбетов өміріне алаңдайтынын айтқан.

Бірақ прокурорлар – Еркін Баймағамбетов пен Тимур Шамои судья Шәкіровтен бас тарту туралы өтінішті қолдаған жоқ. Олардың айтуынша, судьяның әрекеттерінде айыптауға мүдделі әрекеттер жоқ, есесіне қорғашылар жағынан "процесті созу ұмтылысы" байқалады.

Өтінішке төрағалық еткен судья Тұрсынхан Салықов соңғы сөз алып, судья Шәкіровтен бас тарту туралы өтініш қанағаттандырмайтынын мәлімдеді. Ол "шешімнің соңғы әрі қайта қаралмайтынын" айтты.

Осыдан соң сот залына кірген судья Шәкіров келесі сот отырысын 25 шілдеге тағайындады.

Бұл – сот басталғалы бері Судья Шәкіровтен бас тарту туралы берілген екінші өтініш. Сот процесі басталған күні – 14 шілдеде және бір адвокат Игорь Лифшицтің өтініші қанағаттандырылмаған.

Ескендір Ерімбетов түрмеде өзін азаптағаны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін сотталушыларға арналған орында онымен бірге тұрған күзетші тұтқынның қолына кісен салып, оны сот залынан әкетуге әрекет жасады.
Ескендір Ерімбетов түрмеде өзін азаптағаны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін сотталушыларға арналған орында онымен бірге тұрған күзетші тұтқынның қолына кісен салып, оны сот залынан әкетуге әрекет жасады.

Ескендір Ерімбетов пен Михаил Зоров, Дмитрий Пестов және Василина Соколенкоға "алаяқтықпен айналысты - алдын ала келісіп, біреудің мүлкін алдау я сеніміне кіру арқылы бірнеше рет жымқырды" деген айып тағылған. Айыптау актісінде аталған азаматтардың "2010-2017 жылдары мемлекеттік сатып алулар бойынша байқау өткізген мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардан авиция саласындағы Sky Service компаниясының қызметтеріне тым жоғары ақы алу арқылы 208 миллион теңгеден астам ақша жымқырғаны" жазылған.

Қарай отырыңыз: Ерімбетов сотында айыптау актісі оқылды

Ескендір Ерімбетовке тағы бір іс – БТА банкінен заңсыз әкетілген "ақшаны жылыстату" ісі бойынша айып тағылған. Шетелде тұратын әрі Қазақстан билігін сынап жүрген БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәліге (Ерімбетовтің қарындасы) де айып тағылған. Бірақ бұл іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Ерімбетовтің туыстары америкалық адвокат Джаред Генсермен оны қорғау туралы келісім жасасқан. Маусымның 14-інде Алматыда алғашқы сот отырысына қатысқан ол АҚШ-қа қайтқан соң "Ерімбетов ісінде қандай жайттарды заң бұзу деп санайтынын және кәсіпкерді қарындасын елге қайтарып, оппозициялық саясаткерге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеу үшін қудалап отыр" деп санайтынын жазған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG