Accessibility links

Қазақстандықтар спортшы Денис Тенмен қоштасып жатыр


Танымал спортшы Денис Тенмен қоштасу Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.
Танымал спортшы Денис Тенмен қоштасу Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.

Бүгін Қазақстан жұртшылығы танымал спортшы, осыдан екі күн бұрын Алматының орталығында қылмыскер пышағынан мерт болған Денис Тенмен қоштасып жатыр.

Марқұммен қоштасу рәсімі өтетін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына таңертеңнен бастап адам толассыз келіп жатыр. Азалы жиын өтетін сарайға жиналған спорт және мәдениет қайраткерлері, Денис Теннің дос-жарандары, қарапайым жұрт 25 жасында қапыда қаза тапқан өнерлі жігіттің туған-туыстарына көңіл айтып, табыт алдына гүл қойып, марқұммен қоштасып жатыр.

Денис Тенмен қоштасуға жиналған адамдар. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.
Денис Тенмен қоштасуға жиналған адамдар. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.

Астана қаласында "Барыс-Арена" спорт кешенінде өтетін азалы шараға жиналған жүздеген адамның арасында қазақстандық танымал спортшылар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, депутаттар мен шенеуніктер, қарапайым азаматтар бар.

Азаттық тілшілері Алматы мен Астанадағы азалы жиындардан тікелей трансляция жүргізіп жатыр:

​Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, екі мәрте әлем чемпионатының жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Денис Тен шілденің 19-ы күні Алматының орталығында пышақпен жасалған шабуыл салдарынан қаза болған.

Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, Денис Тен оның көлігінің айнасын ұрлап жатқан екі адамның үстінен түсіп, олар спортшыға пышақ салған. Ауыр жарақатымен Алматыдағы №12 ауруханаға жеткізіліп, операция жасалғанымен спортшыны ажалдан арашалау мүмкін болмады деп хабарлады дәрігерлер.

Құқық органдары Қылмыстық кодекстің "пайдакүнемдік ниетпен топ болып кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғаған. Алматы полициясы жұма күні Денис Теннің өліміне күдікті екі адамның ұсталғаны туралы хабарлаған.

Қылмыскер пышағынан болған қаза Қазақстан қоғамында резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде қолданушылардың көбі ішкі істер органдарының жұмысын сынады. Шілденің 20-сы күні Қазақстан президентінің әкімшілігі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас прокурор Қайрат Қожамжаров пен ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа спортшы Денис Теннің қазасына қатысты істі "ерекше бақылауға" алуды тапсырғаны туралы хабарлады.

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар мен шетелдіктер танымал спортшының қазасына қайғырып, көңіл айтып жатыр.

Денис Тенді бүгін Алматы қаласы Достық шағын ауданындағы зиратқа жерлейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG