Accessibility links

Қаржы министрлігі Васильевке 5 млн теңге төлеуі тиіс


Ақтөбе" футбол командасының директоры Дмитрий Васильев (Сурет ҚФФ сайтынан алынды).
Ақтөбе" футбол командасының директоры Дмитрий Васильев (Сурет ҚФФ сайтынан алынды).

Ақтөбенің №2 соты 13 тамыз күні жергілікті футбол клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильевтің шағымы бойынша шешім шығарды. Дмитрий Васильев сот арқылы бұрынғы қызметіне қайта оралып, соңғы екі жылдың жалақысы мен өзге де шығындарын өндіріп алмақ болған. Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

"Ақтөбе" футбол клубына жетекшілік еткен кезінде бюджеттің 240 миллион теңгесін талан-таражға салды" деп айыпталған Дмитрий Васильев 2016 жылғы қараша мен 2018 жылғы ақпан аралығында жалақысын қоса есептегенде жалпы сомасы 121 миллион теңге кірісін жоғалтқанын айтады. Шағымданушының сөзінше, ол "Ақтөбе" футбол клубынан ай сайын 4 миллион теңге жалақы алып отырған.

Васильев қазақстандық адвокаттың қызметі үшін төлеген 1 240 000 теңгені, үй жалдауға жұмсаған 650 000 теңгені, қылмыстық жауапкершілікке тартылған кезінде тәркіленген 1 668 100 теңгені және 360 мың теңге транспорт шығындарын өндіруді талап еткен. Сот бұл талапты қанағаттандырып, шығынды Қазақстанның Қаржы министрлігі өтейді деген шешім шығарды. Сот қаулысына сай Дмитрий Васильев заңсыз түрде жауапқа тартылғаны үшін оған шамамен 5 миллион теңге төленуі тиіс. Бұл соманы Қаржы министрлігі төлейді.

Ал Васильевтің шағымындағы жалақыны өтеу және бұрынғы қызметіне қайта оралу туралы талап-арызын сот қанағаттандырмады.

"Ақтөбе" футбол клубына директоры болған Дмитрий Васильев 2016 жылы 8 қарашада 240 миллион теңгені талан-таражға салды деген айыппен ұсталған еді. 2016 жылғы 11 қарашадан бері үйқамақта отырған "Ақтөбенің" экс-директоры 2017 жылы 26 мамыр күні сот залынан қамауға алынған.

2017 жылғы шілде айында Дмитрий Васильевтің бостандыққа шыққаны хабарланған. Адвокат Күләш Маньконың мәліметінше, Дмитрий Васильевтің жазасы 7 жылдық бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған. Ал 2018 жылғы 13 ақпан күні Қазақстан Жоғарғы соты Васильевті ақтаған. Ақталып шыққан Васильев соңғы екі жылда жоғалтқан кірісін өндіріп алмақ.

14 тамыз күні Ақтөбенің Дмитрий Васильевтің тағы бір талап арызы бойынша азаматтық іс қарай бастайды. Бұл арызында "Ақтөбенің" бұрынғы директоры Қазақстанның қаржы министрлігінен бір млрд теңге моральдық шығын өндіріп беруді сұрап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG