Accessibility links

Вадим Курамшин бостандыққа шықты


Құқық қорғаушы, белсенді Вадим Курамшиннің түрмеден шыққан сәті. Өскемен маңы, 17 тамыз 2018 жыл.
Құқық қорғаушы, белсенді Вадим Курамшиннің түрмеден шыққан сәті. Өскемен маңы, 17 тамыз 2018 жыл.

12 жылға сотталған қазақстандық құқық қорғаушы, азаматтық белсенді Вадим Курамшин жазасының жартысына жуығын өтеп, 17 тамызда түрмеден босады. Курамшиннің анасы Ольга Колтунованың Азаттыққа айтуынша, Өскемен іргесіндегі түрме алдында белсендіні 25 жастағы ұлы Степан Курамшин күтіп алған. Колтунованың сөзінше, Курамшин ұлы, немересі үшеуі Семейге қарай шыққан және одан ары Астана арқылы Петропавлдағы үйіне бармақ.

43 жастағы Курамшин бұған дейін Өскемен қалалық сотына мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген. Сот 1 тамыз күні өтінішті қанағаттандырған. Құқық қорғаушылар Вадим Курамшиннің соңғы кезде "жеңілдетілген жағдайдағы қамауда" отырғанын айтқан. 2018 жылдың маусым айында Шығыс Қазақстан облыстық соты оның жазасын үш жылға қысқартқан. Бұған дейін БҰҰ Адам құқығын қорғау комитеті белсендінің өзіне амнистия жасалмай жатқанын түсінбейтінін айтқан шағымын тіркеген.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың пікірінше, Курамшин саяси себеппен қудаланғандар қатарында.

Қазақстан түрмелерінде қамауда отырғандардың құқығын қорғаумен танылған белсенді 2012 жылы ұсталды. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданы прокуроры көмекшісін бопсалады деп айыпталған. Жамбыл облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты оны 12 жылға соттады.

Қазақстандық кейбір құқық қорғау ұйымдары мен Курамшиннің жақындары бұл істің саяси астары бар деген.

Вадим Курамшинге 2013 жылы адам құқығын қорғау саласы бойынша Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлық берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG