Accessibility links

Фердаусиде орамал таққан оқушы қыздарды мектепке әлі кіргізбей тұр


Орамал тағатын оқушы қыздар мектепке кіре алмай тұр. Фердауси ауылы, Мақтарал ауданы, Түркістан облысы, 5 қыркүйек 2018 жыл.

Түркістан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылында 5 қыркүйек күні таңертең ондаған оқушы қыз орамал тағып келгені үшін мектепке кіре алмай тұр. Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, мектеп қақпасының алдында қыздарының мектепке кіргізілуін талап етіп 20 шақты ата-ана жиналды. Мектепті полиция қызметкерлері күзетіп тұр.

Фердауси атындағы жалпы білім беретін мектепте орамал тартатын оқушы қыздардың сабаққа кіре алмай жүргеніне осымен үшінші күн болды. Мектеп басшылығы мен жергілікті билік өкілдері білім және ғылым министрінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған мектеп формасы туралы №26 бұйрығын орындау үшін, қыздардың сабаққа орамалсыз келуін талап етіп жатқанын айтады. Бұйрықта мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынған.

Фердаусиде бір топ ата-ана кеше де мектеп алдына жиналып, наразылық танытқан. Ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын қыздардың орамалдарын шешуіне қарсы емесін, тек жоғары сыныпта оқитын қыздардың мектепке орамалсыз баруына наразы екенін айтады. Бірақ кеше наразы ата-аналармен жолығуға мектеп басшылығынан ешкім шықпады.

Жоғары сыныпта оқитын орамал тартатын 200 оқушы қыздың бүгінге дейін 70-тен астамы мектепке орамалсыз келетін болған.

Кеше ауылға келген Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешенқұлова Азаттыққа ауылдағы орамал дауын реттеу үшін ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арнайы топ құрылғанын айтқан.

Министр Ерлан Сағадиевтің пікірі:

Фердауси ауылындағы орамал дауы былтыр да болған. Бұл ауыл Шымкент қаласынан шамамен 300 километр қашықта орналасқан. Ауыл тұрғындарының барлығының дерлік ұлты – тәжік, оқу орны да тәжік мектебі. Мұнда оқушы қыздар орамалды "ұлттық дәстүрге байланысты тағады".

Қазақстанның кей аймақтарында оқушы мектепке орамал тағып келуі мен оларды мектепке кіргізбеу былтырдан бері даулы мәселеге айналған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG