Accessibility links

Израиль әскерилері Мәскеуге ұшақ апатына қатысты мәліметтерді берді


Ресейлік Ил-20 әскери барлау ұшағы. (Көрнекі сурет.)
Ресейлік Ил-20 әскери барлау ұшағы. (Көрнекі сурет.)

Израиль әскери-әуе күштерінің бас қолбасшысы Амикам Норкин 20 қыркүйекте Мәскеуге сапарында Ресей әскерилеріне Сирия жағалауында құлаған ресейлік Ил-20 ұшағының ісі бойынша ақпаратты берді. Израиль Қорғаныс армиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар келешекте мұндай оқиғаларды болдырмау үшін өзара үйлескен іс-қимылды жалғастыра беруге уағдаласты.

Ресей жағына берілген материалдар арасында "ұшуға дейінгі ақпарат пен оқиғаны тексеру нәтижелері" бар.

Израиль делегациясы кездесуде Иранның "Хезболла" радикалдық тобына стратегиялық қару-жарақ беру және Сириядағы әскери әлеуетін күшейту талпынысына ерекше назар аударған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейін Норкин сапарының мақсаты - Мәскеуге Израильдің өз азаматтарын қорғайтынын және Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыра беруге дайын екенін хабарлау деп мәлімдеген. Haaretz газетінің хабарлауынша, Израильдің өзін-өзі қорғауға құқығы барын Нетаньяху Ресей преизденті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескенінде айтқан. Нетаньяху Путинге "бар проблема Сирия аумағын Израильге шабуыл жасау үшін пайдалануға тырысатын Ираннан шығады" деп білетінін жеткізген.

Кремльдің хабарлауынша, Путин Нетаньяхумен әңгімесінде Израильді Сирияның егемендігін бұзды және Ресей-Израиль келісімдерін елемеді деп айыптаған.

Оқи отырыңыз: Сирия ресейлік Ил-20 ұшағын атып түсірді

18 қыркүйекке қараған түні Ресейдің Ил-20 әскери ұшағын Сирияның әуе шабуылынан қорғаныс күштері атып түсірген. Апаттан ресейлік 15 әскери қызметкер қаза тапқан. Ресей Қорғаныс министрлігі ұшақтың атып түсірілуіне Израильді кінәлаған. Мәскеу Сирияның Латакия провинциясында Асад пен Иранның нысандарын атқылап жатқан израильдік ұшақтар Ресей зымыранын әдейі оққа төседі" деп мәлімдеген.

Ұшақтың сынықтары Банияс елдімекені маңына, Жерорта теңізіне құлаған. Израиль Ил-20 ұшағы құлаған сәтте Израиль жойғыш ұшақтары өзінің әуе кеңістігінде болғанын айтып, Ресейдің айыбын терістеді. Израиль ресейлік әскери ұшақ пен әскерилердің қазасына Сирия қорғаныс күштері жауапты деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG