Accessibility links

АҚШ Иранда болған терактіні айыптады


Әскери парад кезінде болған қарулы шабуылдан қашып бара жатқан адамдар. Ахваз, Иран, 22 қыркүйек 2018 жыл.
Әскери парад кезінде болған қарулы шабуылдан қашып бара жатқан адамдар. Ахваз, Иран, 22 қыркүйек 2018 жыл.

АҚШ Ахваз қаласында сенбі күні әскери парад кезінде оған қатысушылар мен көрермендерге қарсы жасалған қарулы шабуыл салдарынан 25 адамның қаза табуына байланысты Иран халқына көңіл айтты.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде Құрама Штаттардың "кез-келген терактіні" айыптайтыны айтылған. Бұл шабуылға жауапкершілік "радикалды исламшыл терроризміне" жүктеледі.

Вашингтон әлемдік алты державаның Тегеранмен жасасқан "ядролық келісімінен" шыққан соң АҚШ пен Иран арасындағы жағдай соңғы кездері бұрынғыдан да шиеленісе түскен.

Бұған дейін Иран билігі Ахвазда жасалған шабуылды Таяу Шығыстағы кейбір мемлекттер ұйымдастырды деп айыптаған, бірақ ол елдерді атамаған. Иранның жоғары билеушісі аятолла Әли Хаменеи қарулы шабуылды "АҚШ-тың аймақтағы қуыршақ мемлекеттері" жоспарлады деп мәлімдеген. Әдетте Иранның билік өкілдері осылай деп Сауд Арабиясы мен Израильді меңзейді.

Бұған қоса сенбі күні кешкісін Иран сыртқы істер министрлігі Тегерандағы Дания, Нидерланд пен Ұлыбританияның дипломатиялық миссия басшыларын шақыртқан. Иран билігі бұл елдерді Тегерандағы үкіметке қарсы радикалды топтардың өкілдеріне өз жерінде еркіндік беріп қойған деп айыптайды.


Қыркүйектің 22-і күні Иранның оңтүстік-батысындағы Ахваз қаласында әскери парад кезінде жасалған қарулы шабуылдан, ресми мәлімет бойынша, 25 адам қаза тауып, 60-тан астам адам жараланған. Шабуылдан соң екі террорлық топ – "Ислам мемлекеті" мен өздерін "Арабтардың Ахваз бостандығы үшін күресі" қозғалысы терактіге жауапкершілікті алатындарын мәлімдеген.

Иран мемлекеттік телеарнасы шабуыл жасаушылар жергілікті шенеуніктер парадты тамашалап тұрған трибунаны нысанаға алған деп хабарлады. Кей мәліметтер бойынша, шабуылдан қаза тапқандардың көбі - "Ислам революциясы сақшылары" деп аталатын Иранның элиталық әскери ұйымының мүшелері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG