Accessibility links

Украина кемелері теңіз базасын салу үшін Қырым көпірі астынан өтті


Украинаның "Гетман Сагайдачный" әскери кемесі (Көрнекі сурет).
Украинаның "Гетман Сагайдачный" әскери кемесі (Көрнекі сурет).

Украина әскери-теңіз күштерінің екі кемесі Одессадан Бердянск қаласына бара жатқан жолда Ресей бақылайтын Қырым түбегіндегі көпір астынан өтті. Украина Бердянскіде Азов теңізінде флот салып жатыр.

"Украин әскери порталының" хабарлауынша, көпірден "Донбасс" іздеу-құтқару кемесі мен "Корец" сүйреуші кемесі өтті. Кемелермен бір уақытта АҚШ әскери-әуе күштерінің Boeing RC-135V барлаушы ұшағы Керченск бұғазына жақын ұшты.

"Донбасс" кемесі Азов теңізіндегі флот инфрақұрылымын нығайтуға пайдаланылмақ. Кемеде болашақ базаның штабы орналастырылып, әскерилер тұратын орын, қоймалар мен басқа да жайлар болмақ. Екі кеме де 50 жыл бұрын жасалған. Бердянскіден оларды күтіп алуға шағын брондалған "Кременчуг" және "Лубны" артиллериялық катерлері шықты. Бұл катерлер теңізге таяуда ғана түсірілген. Украина кемелерін жарты жолға дейін Ресейдің жағалау күзеті кемелері қарауылдап жүрді.

Украина Қарулы күштері орталығының басқарма төрағасы Тарас Чмут мұндай маневрдің бірінші рет болып отырғанын айтады.

Украина Мемлекеттік шекара қызметінің мәліметінше, Ресей биыл сәуірден бері Азов теңізінде Украина порттарына бара жатқан 150-ден астам шетелдік кемені ұстаған. Мәскеу кемелерді Азов теңізі мен Керченск бұғазын пайдалануға ынтымақтастық туралы келісім негізінде ұстап жатыр. Украина депутаттары бұған дейін президент Петр Порошенкоға аталған келісімді бұзуды ұсынған. Қыркүйектің ортасында Украина мемлекеттік шекара қызметі Ресей әрекетіне қарсы тұру үшін бірнеше жүз арнайы жасақ сарбаздары Азов теңізі мен Қара теңіздегі бөлімдерге жіберілетінін мәлімдеген.

Осы айдың басында Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі Азов теңізі мен Қара теңізде Украина мүдделерін қорғаудың кешенді шараларын бекіткен. Кеңес баспасөз қызметі Киев аталған теңіздерде жетілген қару-жарақ орналастырып, аймақтағы әскери әлеуетін күшейтпек ниетте екенін хабарлаған. Екі аптадан соң АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер АҚШ Киевке әуе қорғанысы кешенін және теңіз жағалауындағы қорғанысын күшейту үшін қосымша қару-жарақ беруге дайын екенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG