Accessibility links

БАҚ: Лондон саудиялық шенеуніктерге санкция салуы мүмкін


Журналист Жамал Хашоггидің жоғалып кетуіне байланысты Сауд Арабиясы консулдығы алдындағы наразылық акциясы. Стамбул, Түркия, қазан, 2018 жыл.
Журналист Жамал Хашоггидің жоғалып кетуіне байланысты Сауд Арабиясы консулдығы алдындағы наразылық акциясы. Стамбул, Түркия, қазан, 2018 жыл.

Ұлыбритания саудиялық журналист Жамал Хашоггидің жоғалып кетуіне байланысты Сауд Арабиясының шенеуктеріне қатысты санкциялар енгізуі мүмкін. Бұл туралы дерек көздеріне сілтеме жасап Independent басылымы хабарлады. Журналистердің дерегі бойынша, британ сыртқы істер министрлігі санкция тізімін құрастырып жатыр. Оған енгізілген адамдар "Магнитский түзетулері" аясында санкцияға ілігуі мүмкін.

Эр-Риядтың саясатын сынап жүрген және The Washington Post басылымымен әріптестік орнатқан саудиялық журналист Жамал Хашогги қазанның 2-і күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына барғаннан кейін жоғалып кеткен. Түркия билігі өкілдерінің болжамынша, журналисті өлтіріп тастауы ықтимал. Сауд Арабиясы Хашоггидің консулдықтан көп ұзамай шығып кеткенін айтып, түркиялық шенеуніктердің "журналисті консулдық ішінде өлтіріп тастаған" деген болжамын жоққа шығарған.


Бұған дейін АҚШ сенатының халықаралық істер жөніндегі комитеті "Магнитский актісі" аясында санкциялар енгізуді талап еткен. АҚШ президенті Дональд Трамптың санкциялар енгізуге қатысты шешім қабылдауына 120 күн уақыты бар. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мохаммед бен Салманмен сөйлесуге уәде берген Трамп Хашогги жайында Сауд Арабиясының басшылығымен телефонмен сөйлескенін хабарлады. Трамп тақ мұрагері Мохаммед бин Салманның өзімен сөйлесті ме, әлде басқа адаммен сөйлесті ме, ол жағын нақты айтпады.

Ақ үй кейін президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон, аға кеңесші Джаред Кушнер және мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның қазанның 9-ы күні журналистің жоғалуына қатысты толығырақ ақпарат алу үшін Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен телефонмен сөйлескенін хабарлады.

"Телефонмен әңгімеде олар толығырақ мәлімет беруді және Сауд Арабиясының тергеуде ашық болуын сұрады" деген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс.

Бұған дейін CNN телеарнасы америкалық барлау қызметіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, Сауд Арабиясы шенеуніктерінің оппозициялық журналист Жамал Хашоггиді ұрлап, елге әкету жоспарын талқылаған әңгімелерінің жазбасы АҚШ үкіметінің қолына түскені туралы хабарлаған. Телеарна дереккөзі Вашингтонда Хашоггидің тірі, я өлі екені туралы дерек жоғын айтқан.

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) ұйымы журналист Жамал Хашоггидің із-түзсіз жоғалуына байланысты халықаралық тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG