Accessibility links

"Жиһадшылар ісі" сотында судьяға сенімсіздікті қабылдамады


"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар (солдан оңға қарай) - Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров. Алматы, 16 қазан 2018 жыл.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар (солдан оңға қарай) - Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров. Алматы, 16 қазан 2018 жыл.

Алматыда 16 қазан күні "жиһадшылар ісі" бойынша сот процесінде сотталушы Алмат Жұмағұловтың судья, Алмалы аудандық сотының төрағасы Дәурен Әріповке сенімсіздік таныту туралы талап-тілегін білдірді. Жұмағұлов бұның алдындағы процесте сотқа бойкот жариялап, аузын қағаз скотчпен жапсырып алғандықтан оның судьяға сенімсіздік танытқанын адвокаты Жанна Әріпова жариялады.

Жұмағұловтың талап-тілегін басқа сотталушылар қолдады. Прокурор Дәурен Бұлғымбаев судьяға сенімсіздік білдіруге негіз жоқ деп, оған қарсы шықты.

Талап-тілектен соң Әріпов зот залынан шығып кетті. Жұмағұловтың талап-тілегін судья Балтуған Файзуллина қарады. Талқылау кезінде сотталушылар Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловтың адвокаттары сотталушылармен дұрыс қатынас жасалмай отырғанын мәлімдеді. Адвокаттардың сөзінше, сотталушыларға тиісті медициналық көмек көрсетілмейді, абақтыда дұрыс тамақ берілмейді және айдауыл оларға дөрекілік танытады. Кенжебек Әбішев абақтыдағы дәрігерлер өзін медициналық комиссия қарағанына кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді.

Прокурор Дәурен Бұлғымбаев Әбішев пен қорғаушылардың сөзінде судьяға сенімсіздік білдіруге негіз болатындай дәлел жоғын тағы да мәлімдеді.

Балтуған Файзуллина кеңесу бөлмесіне барып келген соң Жұмағұловтың талап-тілегін орындаудан бас тартты және бұл шешімі түпкілікті екенін, оған шағымдануға болмайтынын айтты. Бұдан соң сотқа қайта келген судья Дәурен Әріпов келесі сот отырысын 17 қазанға белгіледі.

Сот отырысы жабық деп жарияланған кезде сотталушы Оралбек Өміров орындықтан жерге құлап қалды. Адвокат Гүлнара Жуаспаева жедел жәрдем шақыруды талап етіп, Өміров "кешелі бері тамақ ішпегендіктен" есінен танып қалуы мүмкін екенін айтты.

Полицейлер Оралбек Өміровті орындыққа жатқызып, оған қалай көмек көрсетуді ойластырып жатыр. Алматы, 16 қазан 2018 жыл.
Полицейлер Оралбек Өміровті орындыққа жатқызып, оған қалай көмек көрсетуді ойластырып жатыр. Алматы, 16 қазан 2018 жыл.

Судья Әріпов пен прокурор Бұлғымбаев сот залынан шығып кетті. Айдауылдар Өміровті залдағы орындыққа отырғызды да, оған ауа жетпей жатқанын айтып, сотқа қатысушылардан залдан шығып кетуді талап етті. Кейін Өміровті полиция қызметкерлері алып кетті. Азаттық тілшісі сотталушылар отырған абақтыға хабарласты. Ол жерде Өміровтің абақтыда екенін, оған дәрігерлік көмек көрсетілгенін және "ешқандай шағымы жоғын" хабарлады.

51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру" деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG