Accessibility links

"Жиһадшылар ісімен" сотталушылардың бұлтартпау шарасын өзгертпеді


"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар (солдан оңға қарай) Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров. Алматы, 4 қазан 2018 жыл.

Алматы қалалық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқасы адвокаттар Гүлнара Жуаспаева мен Айнұр Омарованың "жиһадшылар" ісі бойынша сотталушыларды қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Адвокаттар сотталушылар Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті бұлтартпау шарасын қамауға алудан басқа түріне өзгертуді сұраған.

Адвокат Жуаспаева өтінішінде өзі қорғайтын Кенжебек Әбішевтің бірнеше созылмалы аурумен ауыратынын айтқан. 8 қазанда Әбішев сот отырысынан соң ауруханаға жеткізілген. Адвокат Омарова өзі қорғайтын Алмат Жұмағұлов Кенжебек Әбішев сияқты 20 шілдеден бері абақтыда заңсыз отырғанын, себебі оларды қамауға алу туралы санкцияны процессуалдық судья бергенін мәлімдеді.

Апелляциялық сотта сөйлеген прокурор сотталушы Әбішевті медициналық комиссия тексеріп, оны қамауда ұстауға болады деген тұжырымға келгенін айтты. Ол сонымен қатар адвокат Омарованың сотталушылар заңсыз түрде қамалып отыр деген мәлімдемесін де жоққа шығарды. Прокурор Жетісу аудандық соты "жиһадшылар" ісі бойынша сотталушыларды қамауда ұстауды заңды деп тапқанын және оларды қамауда ұстау үшін өзге сот санкциясы қажет емесін айтты.

Алматылық үш тұрғын - 51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру" деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Олардың ісін Алмалы аудандық соты қарап жатыр. Қазір бұл процесте куәгерлерден жауап алу басталған.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG