Accessibility links

Әбдірахманов Қытай елшісімен Шыңжаң қазақтары мәселесін талқылады


Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов (сол жақта) және Қытай елшісі Чжан Сяоның кездесуі. Астана, 9 қараша 2018
Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов (сол жақта) және Қытай елшісі Чжан Сяоның кездесуі. Астана, 9 қараша 2018

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай елшісі Чжан Сяоны қабылдады деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланысты талқылаған тараптар Қытайдағы қазақтар мәселесін де қозғаған. Екі елдің дипломатия өкілдері Шыңжаңдағы қазақ диаспорасын екі елді жалғайтын тірі “достық көпірі” деп атаған. СІМ баспасөз мәлімдемесінде тараптардың Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың мәселесін оңтайлы шешу туралы келісімге келгені айтылады.

Қытай елшісі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жариялаған Қазақстан халқына жолдауын жоғары бағалаған. Қайрат Әбдірахманов екі ел арасындағы қарым-қатынастың ерекше достық пен сенімге негізделгенін атап өткен.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы қамау хроникасы

Соңғы бірнеше ай бойы халықаралық қауымдастық Шыңжаңдағы этникалық азшылықтардың "кәсіби тәрбиелеу орталықтарына" қамалуына байланысты Қытайдағы жағдайды жіті бақылап келеді. Кейбір дерек бойынша, мұнда миллионға жуық мұсылман қамалған болуы мүмкін. Қытай билігі бұл лагерьлердің барын мойындағанмен онда қамалушыларды тек "кәсіптік тұрғыда баулитынын", қамалушыларға "еш қысым жоғын" айтып келеді.

Қарай отырыңыз: Қытай лагерьлеріндегі "бақытты студенттер"

Ал құқық қорғаушылар мен саяси лагерьде болған азаматтар орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын айтады. "Кәсіби үйрену орталығына" қамалып, ондағы қысым мен азапты басынан кешкен кейбір қазақстандықтар бұған дейін Азаттыққа сұхбат берген болатын.

АҚШ, Жапония, Австралия, Канада, Германия Қытайдан "саяси тұтқындарға арналған лагерьлерді" жабуды талап етті.

Шыңжаң өлкесінде шамамен 2 миллионға жуық қазақ өмір сүреді. 2017 жылдың сәуір айынан бастап қазақстандық ақпарат құралдарында Қытай қазақтарының қысымы туралы айтыла бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG