19-23 желтоқсанда Дохада (Катар) ауыр атлетикадан халықаралық Qatar Cup жарысы өтеді. Бұл турнирде 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға лицензия алу үшін ұпай беріледі.
Катардағы жарысқа Қазақстаннан тоғыз спортшы қатысады. Бұл туралы Қазақстан ауыр атлетика федерациясы хабарлады.
Дохаға биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Арли Чонтей (61 кг), Игорь Сон (61 кг), Рио олимпиадасының қола жүлдегері Фархад Харки (67 кг), Рио олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимов (73 кг), Айдар Казов ( 81 кг), Рүстем Сыбай (96 кг), допинг дауынан кейін спортқа қайта оралған Илья Ильин (109 кг), Карина Горичева (64 кг) және Раушан Мешітханова (87 кг) аттанған.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ауыр атлетика құрамасындағы допинг дауы
Илья Ильин Пекин және Лондон олимпиадаларында допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан шеттетілген. Спортшының жаза уақыты жазда аяқталған. Ильин қарашада Ашғабатта өткен әлем чемпионатына қатысуы тиіс болған. Бірақ спортшы жарақатына байланысты жарысқа шықпаған. Допинг жазасынан кейін спортқа қайта оралған Ильин Токио олимпиадасына қатысуды жоспарлайды. "Допинг дауына" көп ілінген Қазақстан 2020 жылы өтетін олимпиада бір ер, бір әйел ауыр атлет қана апара алады.
ПІКІРЛЕР