Accessibility links

Мұнайға мұқтаж Лукашенко Кремльге ескерту жасады


Александр Лукашенко, Беларусь президенті
Александр Лукашенко, Беларусь президенті

Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресейге қарата мәлімдеме жасап, Мәскеудің Минскіге сататын мұнай бағасын арзандатпаса, жақын одақтасынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.

Беларусь мемлекеттік ақпарат агенттігінің жазуынша, Лукашенко 10 қаңтарда: "Егер Ресей жетекшілігі осындай жолды таңдап алып, Батыс тараптағы жалғыз одақтасынан айырылуды қаласа, өздері білсін" деген. Соңғы күндері екі елдің арасындағы энергетика дағдарысы ушығып тұр.

Беларусь Ресейден субсидия түрінде мұнай өнімдерін сатып алып, қайта экспорттап келген. Ресей бұдан былай экономикасына түскен салмақты азайту үшін көршісіне сататын мұнай бағасын өсірмек.

Минск Мәскеудің бұл жоспары жүзеге асса, алдағы алты жыл ішінде 11 миллиард доллар түсімнен айырылатынын айтып, Ресейден төлемақы талап етті.

10 қаңтарда президент Лукашенко Беларусьтің мұнай өнімдерімен сауда-саттықты Балтық елдерімен бірге жасауы мүмкін екенін айтып та қыр көрсеткен. Оның сөзінше, Минск мұнайды Балтық елдерімен бірлесе сатып алып, Новополоцк қаласында өңдей алады.

Бейсенбідегі мәлімдемесінде Беларусь президенті "Мәскеудің дағдарысты пайдаланып, көрші елді қосып алғысы келетіні" туралы алыпқашпа сөзді терістеп:

"Екі елді біріктіру туралы сөз болуы мүмкін емес" деп мәлімдеген.


​Ресей мен Беларусь тығыз экономикалық, саяси және әскери қарым-қатынас орнатуды көздейтін одақтас болу туралы келісімге қол қойған.

Беларусь президенті Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылдың соңында екі рет кездескен. Бірақ энергетика дағдарысы шешілмеген. 2010 жылы Ресеймен арасында осындай дау туғанда Беларусь Украинадағы порттар арқылы мұнайды Венесуэладан тасыған.

Александр Лукашенко 10 миллион халқы бар Беларусьті ширек ғасырдай уақыт бойы жеке-дара билеп-төстеп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG