Accessibility links

Трамп: Конгресте баяндамамды "шатдаун" аяқталған соң жасаймын


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп конгресте елдегі жағдай туралы дәстүрлі есебін федералдық мекемелер жұмысы толық қалпына келтірілген соң жасайтынын мәлімдеді. Трамп осылайша "президент конгрестегі өкілдер палатасы жолдау жасауға кедергі келтірген соң жолдауды басқа жерде жариялауы мүмкін" деген сөзге тоқтау салды.

Бұған дейін өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси үкімет жұмысы ішінара тоқтап тұрған кезде ("шатдаун") Трамптың конгресте жолдау жасауына рұқсат бермеген. Пелоси әуелде Трампты 29 қаңтарда жолдау жасауға шақырған. Бірақ кейін "шатдаунға" байланысты шақыртуын қайтарып алған.

Кейін Трамп Twitter-де "Бұл мәселе Пелосидің құзыретінде. Мен жолдауымды "шатдаун" аяқталған соң жасаймын" деп жазды.

Трамп сонымен қатар бұған дейін айтылғандай жолдау жасайтын басқа орын іздемегенін, себебі "ешқандай орын өкілдер палатасының тарихы мен маңыздылығына жете алмайтынын" айтты.

АҚШ-та қалыптасқан дәстүр бойынша, президент жыл сайын конгресте елдегі жағдай туралы есеп береді. Бірақ оны тікелей эфирден көрсету міндетті емес. Кейбір президенттер есебін жазбаша түрде берген. Демократтар 2019 жылы өкілдер палатасында көпшілік орынға ие болғаннан бері Пелоси мен Трамп "шатдаунға" және басқа да мәселелерге қатысты жиі келіспей қалып жүр.

Бұған дейін Трамп конгрестен оңтүстік шекараға дуал тұрғызуға бес миллиард доллардан астам қаражат сұраған. Бірақ АҚШ конгресінде саны басым демократтар Мексикамен шекарада қабырға құрылысын қаржыландырудан бас тартып, оның соңы үкімет жұмысының ішінара тоқтауына әкелген.

22 желтоқсаннан бері АҚШ-тың 800 мың мемлекеттік қызметкері айлықсыз қалған. Шамамен 350 мың қызметкер өтемсіз демалысқа жіберілген. Олардың арасында NASA қызметкерлері, ұлттық саябақ қызметінің өкілдері бар. Жалақы мәселесі ішкі қауіпсіздік, көлік, әділет министрліктері сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаменті, федералдық тергеу бюросы қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Bloomberg агенттігінің жазуынша, АҚШ-та "шатдаун" кесірінен әр екі аптада өндіріс 0,1 пайызға қысқарып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG