Accessibility links

"Атажұрт еріктілерінің" жетекшісі Серікжан Біләшқа сот қаулысы шықты


Серікжан Біләш сотта сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2019 жыл.
Серікжан Біләш сотта сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2019 жыл.

13 ақпанда Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Қытайдан келген этникалық қазақ, "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшқа қатысты қаулы шығарды.

Сот Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салды.

Біләш сот қаулысымен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Ол сот қаулысына қарамастан ұйым жұмысын жалғастыра беретінін, әділет министрлігіне тіркелу жағын қарастыратынын айтты.

Алматы қаласы Медеу аудандық полициясы "Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестік қызметіне басшылық жасау" деген айыппен Серікжан Біләштің үстінен әкімшілік іс қозғаған. 12 ақпандағы сотта Біләш "Атажұрт еріктілері" Қытайдағы этникалық қазақтардың хал-ахуалына жаны ашитын ерікті адамдардың әлеуметтік желіде құрылған тобы екенін айтқан. Ол өзін осы топтың "админімін" деп таныстырған.

Серікжан Біләш бірнеше рет Алматыда Қытайда туысқандары қамалған қазақтардың жиынын өткізген. Ол Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтіп, жауапқа тартылған Шыңжаң қазағы Сайрагүл Сауытбайдың сотында да белсенділік танытқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG