Accessibility links

Берни Сандерс АҚШ президент сайлауына қатысатынын айтты


Берни Сандерс.
Берни Сандерс.

АҚШ конгресінің тәуелсіз сенаторы Берни Сандерс 2020 жылы өтетін президент сайлауына Вермонт штатынан кандидат ретінде қатысатынын хабарлады. 2016 жылы Сандерс президенттік кампанияға Демократиялық партия атынан қатысқан. Алайда кейін Хиллари Клинтонға жол берген.

Вермонт радиосына сұхбатында Сандерс "ең алдымен қазіргі президент Дональд Трамптың орнын басуды қалайтынын" айтқан. Ол Трампты "елдің масқарасы" және "өтірікші" деп атады. Сондай-ақ Сандерс 2016 жылы сайлау кезінде айтқан ойларын іске асыруды қалайтынын жеткізді.

Сандерс өз кампаниясы кезінде барлығына ортақ денсаулық сақтау жүйесін енгізуді, ең төменгі жалақы мөлшерін өсіруді, иммиграциялық саясатты реформалауды ұсынған.


Сандерс Демократиялық партияның ресми емес мүшесі және өзін тәуелсіз кандидат деп атайды.

АҚШ-та президент сайлауы 2020 жылдың 3 қарашасына жоспарланған.

Болжам бойынша, президент постына республикашылардан қазіргі президент Дональд Трамп пен Массачусетс губернаторы Уильям Уэлд таласады. Сайлауға демократтардан Нью-Джерси өкілі Кори Букер мен Гавай штатының сенаторы Тулси Габбард, сондай-ақ Калифорния мен Массачусетс өкілдері Камала Харрис пен Элизабет Уоррен қатысады деп хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG