Accessibility links

Шекарадағы жанжалдан екі адам мерт болды


Тәжікстанмен шекара маңында тұрғындардың жолын бөгеп тұрған қырғыз шекарашылары. Баткен облысы, 14 наурыз 2019 жыл.
Тәжікстанмен шекара маңында тұрғындардың жолын бөгеп тұрған қырғыз шекарашылары. Баткен облысы, 14 наурыз 2019 жыл.

Баткен облысындағы Ақ-Сай - Тамдык автокөлік жолының құрылысы тәжік-қырғыз шекарасы маңындағы жанжалға себеп болды. Қақтығыс салдарынан екі тұрғын ажал құшып, оннан аса адам зардап шекті.

Наурыздың 15-і күні Баткен облысындағы Кок-Таш ауылында Қырғызстан мен Тәжікстанның үкімет делегациялары кездесті. Олар ең бірінші міндет - шекара маңындағы екі елдің тұрғындары арасындағы жанжалды тоқтату екенін, тек содан кейін ғана айналма жол құрылысы мен шекараны белгілеу мәселелерін талқылайтындарын айтқан. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Баткендегі кездесуге Қырғызстан делегациясын бастап барған премьер-министрдің орынбасары Жеңиш Разаков хабарлады. Тәжікстан делегациясына премьер-министрдің орынбасары Азим Иброхим жетекшілік етеді.

Тәжікстанмен шекара маңындағы жанжал болған жерді бақылап тұрған қырғыз әскерилері. Баткен облысы, 15 наурыз 2019 жыл.
Тәжікстанмен шекара маңындағы жанжал болған жерді бақылап тұрған қырғыз әскерилері. Баткен облысы, 15 наурыз 2019 жыл.

Соңғы екі күнде қырғыз-тәжік шекарасы маңында көршілес екі елдің тұрғындары арасында болған қақтығыстар салдарынан, ресми ақпарат бойынша, Тәжікстанның екі азаматы қаза тауып, екі жақтан жиыны оннан астам адам зардап шеккен.

ШЕКАРАДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС

Бейсенбі күні Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Сооронбой Жээнбеков пен Эмомали Рахмон телефонмен сөйлесіп, шекара маңындағы жанжалдың шығу себебін анықтау үшін арнайы комиссия құруға келіскені хабарланды. Қырғызстан үкіметі шекарадағы жағдай тұрақты деп мәлімдеді.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, наурыздың 13-і күні қырғызстандық Ақ-Сай және Тәжікстанның Мехнатабад ауылдары тұрғындары өзара жанжалдасып қалған. Тәжікстан шекара қызметі жанжал Қырғызстан тарапы Ақ-Сай - Тамдык жол құрылысын қайта бастағаннан кейін шыққан деп хабарлады. Тәжікстанның Ворух анклавы (өзге елдің аумағында жатқан басқа мемлекеттің территориясы – ред.) тұрғындары айналма жол құрылысын салуға қарсылық білдірген. Шекараның тұсында екі жақтан жиналған 200-ге жуық адам алдымен сөзге келіп, кейін бір-біріне тас лақтыра бастаған.

Тәжікстанмен шекара маңындағы елді мекенде тұрған қырғызстандық полиция қызметкерлері. Баткен облысы, 15 наурыз 2019 жыл.
Тәжікстанмен шекара маңындағы елді мекенде тұрған қырғызстандық полиция қызметкерлері. Баткен облысы, 15 наурыз 2019 жыл.

"Қырғызстан жағы бұған жауап ретінде оқ атты" деп хабарлады Тәжікстан шекара қызметі. Оның дерегінше, қақтығыс салдарынан Ворух анклавының 43 жастағы тұрғыны қаза тауып, 11 адам зардап шеккен. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі Ақ-Сай ауылының бір тұрғыны ауруханаға түскенін хабарлады.

Сол күні кешке қырғыз азаматтары Ақ-Сай ауылындағы жолды жауып тастады. Тәжікстандық тұрғындар Торт-Кочо елді мекеніндегі жолды жапқан. Қырғызстан шекара қызметі көрші елдің азаматтары қырғыз ауылындағы тұрғынның үйін өртеген деп мәлімдеді. Тәжікстан шекарашылары қырғызстандықтардың тәжік жеріндегі қойма мен диірменді өртегені туралы хабарлады.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал

Наурыздың 13-і күні Қырғызстан парламенті шекарадағы оқиғаға байланысты жабық отырыс өткізіп, премьер-министрдің орынбасары Жеңиш Разаков жанжал шыққан ауданға барды.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі наурыздың 14-інде Ворух анклавының 37 жастағы тұрғыны оқ тиіп, мерт болғанын, тағы екі тәжік азаматы ауруханаға түскенін мәлімдеді. Қырғызстан жағы бір азаматы жараланғанын хабарлады.

ДАУЛЫ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ

Тәжікстанның Ворух анклавы Орталық Азияның халық көп қоныстанған кедей аймағы – Ферғана алқабында орналасқан.

Варух анклавының іргесінен салынып жатқан автокөлік жолы көрсетілген карта.
Варух анклавының іргесінен салынып жатқан автокөлік жолы көрсетілген карта.

Өткен аптада Қырғызстан Ворух анклавын сыртынан айналатын жол құрылысын қайта жалғастырған еді. 25 шақырымдық Ақ-Сай - Тамдык автокөлік жолының құрылысы 2013 жылы басталған. Басында көрші екі елдің үкіметтері жол салуды өзара келіскен. Бірақ кейін Душанбе Ворух анклавын Тәжікстанмен жалғайтын жол қалдыруды талап еткен. Бішкек онымен келіспей, жол құрылысын бастауды ұйғарды. Алайда құрылыс жұмыстары бірнеше рет тоқтап қалды.

Қырғызстан жеріне 20 шақырымдай еніп тұрған Ворух анклавында 30 мыңнан астам тұрғын бар, көбі - тәжіктер. Ворух арқылы Баткен облысының Лейлек ауданын Қырғызстанның өзге аумағымен байланыстыратын жалғыз жол өтеді. Анклав төңірегіндегі шекараға әлі күнге толық делимитация жүргізілген жоқ.

Қырғыз жұмысшыларының шекараның даулы аймағында жол сала бастауы бұған дейін де жанжалға себеп болған. 2014 жылы қырғыз және тәжік шекарашылары бірнеше рет қақтығысып қалған, екі жақтан да оқ атылды. Кейін екі ел үкіметтері келіссөз өткізіп, Варухтан Тәжікстанның Исфара қаласына дейін жеке жол салу туралы келісім жасаған.

Соңғы алты жылда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында оннан астам жанжал болды. Кейбірінде атыс қаруы қолданылған.

Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 971 километрге тең. Қазірге дейін оның 450 шақырымына делимитация жұмыстары жүргізілмеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG