Accessibility links

Ресей соты құқық қорғаушы Оюб Титиевті төрт жылға соттады


Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау орталығының Грозныйдағы бөлімшесінің басшысы Оюб Титиев Шали қаласындағы сотта тұр. Шешенстан, 18 наурыз 2019 жыл.
Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау орталығының Грозныйдағы бөлімшесінің басшысы Оюб Титиев Шали қаласындағы сотта тұр. Шешенстан, 18 наурыз 2019 жыл.

Шешенстанның Шали қалалық соты 18 наурызда құқық қорғаушы Оюб Титиевті «есірткі сақтағаны» үшін төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау орталығының Грозныйдағы бөлімшесінің басшысы Титиев жазасын қоныс колониясында өтейтін болады.

Бұған дейін прокурор соттан Титиевті төрт жылға бас еркіндігінен айырып, жазасын өтеуге жалпы режимдегі колонияға жіберуді және 100 мың рубль айыппұл салуды сұраған.

Үкім тоғыз сағаттан астам уақыт оқылды. Судья Титиевтің өзін екі рет ұстағаны және екінші рет полицияның оны алдын ала ойластырып әдейі ұстағаны туралы айтқанына сенбейтінін мәлімдеді. Құқық қорғаушының адвокаттары үкімге аппеляциялық шағым түсіретіндерін айтты. Олар Титиевке қолдан жасалған айып тағылды деп санайды.

12 наурызда соттағы соңғы сөзінде Оюб Титиев сот өзін айыптайтын үкім шығаратынын мәлімдеп, өзіне қарсы сот процесін «барлық құқық қорғаушы ұйымдарға берілген белгі» деп атаған.

Үкімді тыңдауға Титиевтің жақтастары, дипломаттар мен журналистер қатысты. Олардың арасында «Мемориал», «Общественный вердикт», Азаптауға қарсы комитет, Мәскеу Хельсинки тобы, Amnesty International, «Гражданское содействие», Civil Rights Defenders, Frontline Defenders ұйымдарының өкілдері, Германия, Франция, Норвегия, Канада елшіліктері мен Еуропа Одағының Ресейдегі өкілдігі қызметкерлері болды деп хабарлады Telegram-дағы «Оюб Титиевтің ісі» тобы.

"Мемориал" қоғамы Титиевті саяси тұтқын деп таныды. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы оны ар-ождан тұтқыны деп атаған.

2018 жылы қаңтарда Шешенстанда ұсталған құқық қорғаушы содан бері тергеу абақтысында қамауда отыр. Титиев өзіне "есірткіні әдейі тастағанын" айтып, тағылған айыпты мойындамайды.

Оюб Титиевтің әріптестері оған қолдан жасалған айып тағылды деп санайды. Олар Шешенстан билігі республиканы құқық қорғаушылардан тазартқысы келеді деп мәлімдейді. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бірнеше рет құқық қорғаушылардың қызметін қатты сынаған.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Оюб Титиевке ара түсіп, бірнеше рет мәлімдеме жасады.

Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) құқық қорғау саласында тағайындаған Вацлав Гавель атындағы сыйлығы өткен жылы Оюб Титиевке берілді. Титиев адам құқығын қорғаудағы батылдығы үшін Мәскеу Хельсинки тобының сыйлығымен марапатталды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG