Accessibility links

Мәскеуге барар алдында Ресей БАҚ-ында Тоқаевтың сұхбаты жарияланды


Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге келген сәті. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге келген сәті. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

Мәскеуге сапары алдында ресейлік басылымдарға сұхбат берген Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі биліктің ауысуы, Қазақстан мен Ресей арасындағы "тығыз қарым-қатынас", Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен Үлкен Еуразия идеясы және өзге мәселелерге тоқталған. Ол сұхбатында елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "көреген саясаты" мен "кемеңгерлігін" жиі айтып, мақтаған. Ресейлік басылымдар мақалаларда басты сурет ретінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірге түскен суретін қолданған.

Постсоветтік елдердің бесеуі мүше - Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) болашағына тоқталған Тоқаев болашақта одақ мүшелері арасындағы қарым-қатынас бұдан да нығая түсетінін айтқан.

"2025 жылға қарай сауда-саттық саласындағы кедергілерді жойып, тауар, қызмет көрсету, капитал мен жұмыс күшінің шын мәніндегі еркін алмасуын бір-бірімізбен ақылдаса отырып, қамтамасыз етеміз деп үміттенеміз. Интеграция аясында қысқа мерзімді және орта мерзімді жоспарларлардың бәрі нақты, экономикалық тұрғыда негізделген және толық жүзеге асыруға болатын [жобалар] деп есептеймін" деген ол ресейлік Коммерсант газетіне.

Regnum.ru сайтына берген сұхбатында Тоқаев жоғарыда аталған мәселелермен қатар Қытайдың "Бір белбеу - бір жол" жобасының Қазақстан үшін маңызын атап өтіп, бұл жоба "мемлекетіміздің Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын транзиттік аумақ ретіндегі стратегиялық позициясын нығайтуға" көмектеседі деп айтқан.

Тоқаев Ресейге сапары алдында мемлекеттік басылымдарға да сұхбат берген. Онда президент "Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді" деп, өзінің де "президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын" айтқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге 3 сәуірде Нұр-Сұлтан уақытымен түстен кейін барған. Бұл оның мемлекет басшысы ретіндегі шетелге алғашқы сапары.

Қазақстанда президент ауысқанмен кейбір сарапшылар "Тоқаевтың бұрынғы президент Назарбаевтың айтқанынан шықпайтын" басшы екенін, елдегі авторитарлы жүйеде бәлендей ірі өзгеріс бола қоймайды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG