Accessibility links

Азаттық радиосы тілшілерінің ұсталуын Нұр-Сұлтан саясатында "нақтылықтың болмауынан" көреді


"Настоящее время" тілшісі Светлана Глушкова (сол жақта) мен Азаттық радиосының журналисі Сәния Тойкен.

Қазақстан саясатында соңғы кезде нақтылықтың болмауы тәуелсіз БАҚ-қа жасалатын қысымды арттыруы мүмкін. Азаттық радиосы журналистерінің ұсталуы - осының көрінісі. Азат Еуропа/Азаттық радиосы осылай мәлімдеді.

Бұған дейін бірнеше қазақстандық құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтаннан "соңғы кезде жиілеп кеткен" тәуелсіз журналистерге "жасалатын қысымды доғаруды" сұраған.

2019 жылдың басынан бері Қазақстанда Азаттық тілшілерін полиция бірнеше рет ұстап, кейбірінің үстінен іс қозғап, айыппұл салған.

12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған. Тойкен сот шешімімен келіспей, Маңғыстау облыстық сотына апелляцияға берген. 2 сәуірде Бірақ сот журналиске айыппұл салу туралы шешімді күшінде қалдырды.

2017 жылы Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық журналист.

Тап сол күні, 2 сәуірде, Нұр-Сұлтан соты "Настоящее время" арнасының журналисі Светлана Глушкованы ұрып-соғу бабымен кінәлі деп танып, 25 250 теңге (66 доллар) айыппұл салған. Биліктің айтуынша, 22 наурызда Қазақстан астанасында полиция азаматтарды ұстап жатқан жерден хабар таратып жүрген Глушкова әлдебір азаматты итеріп жіберіп, зақымдаған. Глушкова бұл айыппен келіспейді. Оның сөзінше, бұл іс - кәсіби жұмысына кедергі келтіруге тырысып жатқан биліктің ойлап тапқан амалы.

Құқық қорғаушылар басқа да Азаттық тілшілеріне – Жаңагүл Жүрсін, Өркен Жоямерген, Ержан Әмірханов, Санат Нұрбековтің қызметіне полицияның кедергі келтіргенін айтқан.

Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, полиция Глушкованы қамауға алған. "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атады.

Видео: Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы. 22 наурыз 2019 жыл.

Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG