Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскийді Украинадағы президент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады. Бұл туралы президент Twitter-дегі парақшасында жазды.
Бюллетеньдердің 95%-ын санап үлгерген Украинаның орталық сайлау комиссиясы сәуірдің 22-сі күні таңертең Владимир Зеленскийге сайлаушылардың 73,16% дауыс бергенін хабарлады.
Қазіргі президент Петр Порошенкоға сайлаушылардың 24,5% дауыс берген.
22 сәуірге қараған түні экзит-полдың алдын ала қорытындысын естігеннен кейін Владимир Зеленский Украина азаматтарына, өзінің командасында жұмыс істеген азаматтарға, жақындарына алғыс айтқан. Барлық постсоветтік елдерді Украинадан үлгі алуға шақырған.
Сәуірдің 21-і күні Украинада президент сайлауының екінші кезеңі өтті.
Президент сайлауының бірінші кезеңі 31 наурызда өткен. Украина орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ол кезде Владимир Зеленский - 30,24%, Петр Порошенко — 15,95% дауыс алған.
Оқи отырыңыз: Украинадағы президент сайлауы қалай өтті?
ПІКІРЛЕР