Accessibility links

Украинадағы президент сайлауының екінші кезеңі қалай өтті?


Киевтегі сайлау учаскелерінің бірі. 21 сәуір, 2019 жыл.
Киевтегі сайлау учаскелерінің бірі. 21 сәуір, 2019 жыл.

Сәуірдің 21-і күні Украинада президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Президент қызметінен бұған дейін елді басқарып келген Петр Порошенко және әртіс Владимир Зеленский үмітті.

Елде сайлау учаскелері Киев уақытымен таңертеңгі сағат 8-де ашылды. Кешкі сағат 20.00-ге дейін істейді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының "Настоящее время" жобасы күні бойы сарапшылармен сайлау барысын талқылап, сайлау учаскелерінен тікелей эфирде хабар таратты.

21.04.2019 күнгі тікелей эфир.

Киев уақытымен түскі сағат бірге дейін екі үміткер де дауыс беріп үлгерген. Зеленский сайлау учаскесіне әйелімен бірге барған. "Кімге дауыс бердіңіз?" деген сұраққа ол "Украина үшін дауыс бердім" деп жауап берген.

Ал Киевтегі Офицерлер үйінде орналасқан сайлау учаскесіне әйелімен бірге дауыс беруге барған Петр Порошенко "кім сайланатыны маңызды емес, ұлт пен мемлекеттің қандай стратегия мен жол таңдайтыны маңызды" деп айтқан.

Президент сайлауының бірінші кезеңі 31 наурызда өткен. Украина орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ​Владимир Зеленский - 30,24%, Петр Порошенко — 15,95% дауыс алған.

19 сәуірде Порошенко және Зеленский Киевтегі стадионда дебат өткізді.

Басында олар стадионда дебат өткізуге келіскенмен оның мерзіміне байланысты дауласып қалған. 14 сәуірде Порошенко стадионға жалғыз келіп, баспасөз мәслихатын өткізген. Зеленскийдің дебаттан жалтарып отырғанын айтқан. Бірақ ақырында екі үміткер 19 сәуірде Киев стадионына келіп, пікір таластырды.

Дебатта негізінен төмендегі мәселелер қозғалды:

  • Зеленскийдің әскерге барудан жалтаруы (Порошенко оны "әскери борышыңды өтеуден қаштың" деп айыптады, бірақ Зеленский айыпты жоққа шығарды);
  • жемқорлықпен күрес және үміткерлердің бір-бірін олигархтар мүддесін қорғап отырғаны туралы айыптауы;
  • Зеленскийдің саясаттағы тәжірибесіздігі және Порошенко саясатының оң және теріс тұстары;
  • Ресеймен қатынас;
  • Донбастағы жағдай.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG