Accessibility links

"Ешкім украин тілін үйренуге мәжбүрлеген жоқ"


Александра Мартиненко

Оралда туып өскен, қазір Львовта тұратын Александра Мартиненко сұхбатында Қазақстан мен Украинадағы өмір салты туралы әңгімелейді.

Александра Мартиненко тоғыз жыл бұрын украин жігітіне тұрмысқа шығып, Оралдан Львовқа қоныс аударған еді. Азаттыққа берген сұхбатында ол Батыс Қазақстан мен Батыс Украинаның айырмашылығы және Львов тұрғындарының орыс тіліне көзқарасы туралы айтып берді.

Азаттық: - Әуелде жұбайыңмен қалай танысқан едің?

Александра Мартиненко: - Институттан кейін бірден Оралда шағын бизнес аштым, көпсатылы маркетингті де қатар алып жүрдім. Арада біраз уақыт өткенде компаниямыздың украиналық қызметкері Ақтөбеге келіп, онда бизнесті дамыту және өнімді сату бойынша семинар-тренинг өткізетінін естідім. Сергеймен сол жерде танысып, бірден көңіл қостық. Кейде кісіні көре сала өзіңе жақын тартатын кездерің болады ғой. Оның үстіне, әжемнің ұлты – украин, мұның да бір септігі тиген болар. Біраздан соң ол маған Оралға келіп тұрды, содан соң бірге тұрып, бірге бизнес жасай бастадық.

Азаттық: - Бизнестерің Қазақстанда болды ма, Украинада ма?

Александра Мартиненко: - Басында Қазақстанда болды. Оралда бір жарым жыл тұрдық, бұл бір ауыр кез болды. Себебі күйеуім үнемі Қазақстан мен Украинаның арасында көлікпен жүрді. Ал ресейлік және қазақстандық полицейлер Украина нөмірі бар көлікті қатты тексеретін, тіпті бүкіл салонды қопарып тастайтын. Бұл Майдан оқиғаларына дейінгі 2010-2011 жылдар еді. Оның үстіне көп жыл Львовта тұрған Сергей біздің жолға үйрене алмады. Тапа-тал түсте көлігінің шамын ұрлап кеткенде шыдамымыз таусылды. Сөйтіп, Украинаға көшеміз деп шештік. Львовтан он километр жерден жер сатып алып, үй сала бастадық.

Александра және Сергей Мартиненко
Александра және Сергей Мартиненко

Азаттық: - Бұл шешімге туыстарыңыз қалай қарады?

Александра Мартиненко: - Көбі Сергейдің жасының үлкендігінен қысылды. Тойымыз Оралда болды. Бірақ оған мені қатты жақсы көріп, үнемі қолдау көрсетіп отыратын жалғыз әпкемнен басқа ешкім келмеді. Ал ескінің адамы – әкем күйеуімнің менен біраз жас үлкендігінен болар, жақытртпады. Ал мамам әлі қуанып жүр. «Кездескендерің жақсы болды, басқа адаммен тұра алмас па едің» дейді. Бірақ әкем анамды бәрібір тойға жібермеді. Сондықтан ата-анам мені тек перзентханада ғана көрді. Тұңғышым Вика Оралда туды. Әрине, бізде стереотиптер бар. Америкаға барғанда, немесе басқа елдерге саяхаттағанда ешкім келіп «Мынау әкең бе?» деп сұраған жоқ. Күйеуінің күйі жақсы екенін, қасында жас әйелі, қызы бар екенін көреді. Демек, бұл – ерлі-зайыпты деген сөз. Ал бізде керісінше, бәрі «мынау әкең бе?» деп сұраққа алады.

Азаттық: - Львовта украин тілін білмегеннен қиналған жоқсың ба?

Александра Мартиненко: - Львовқа көшкенде Киевтегі таныстарымыз «Ұлтшылдарға бара жатырсыңдар, сендерден украинша сөйле деп талап етеді» деген. Бірақ, бізден ешкім оны талап етпеді. Орысша сұрасам, маған украинша жауап берген кездер көп болды. Бірақ бұл - автоматты әрекет. Орыс тілін бәрі біледі, орысша сұрасаң, жұрт өздеріне ыңғайлы тілде жауап береді. Ал кей сөздерді түсінбей тұрғаныңды байқаса, орысшаға көшеді. Адамдар менің басқа елден келгенімді байқап, осылай қараған болар.

Александра Мартиненко
Александра Мартиненко

Украина да әркелкі ел ғой. Елдің шығысы мен орталығында орыстілділер көп. Ал батысы нағыз Украина. Бірақ соған қарамастан еуропаша өмір сүреді, көбінің менталитеті еуропалық, бұған да таңқалуға болмайды, себебі Львовқа туристер өте көп келеді. Украинша сөйлесем, менің қиналып тұрғанымды көргендер «Якщо вам краще говорити російською мовою, говорите російською» («Сізге орысша сөйлеген ыңғайлы болса, орысша сөйлей беріңіз»).

Азаттық: - Сонда да украинша үйреніп алдың?..

Александра Мартиненко: - Әрине. Адам бір елге көшіп келсе, сол елдің тілін үйреніп, мәдениетін жете түсінуі керек деп ойлаймын. Басында, әрине, украин тілін үйрену қиын болып көрінді. Соңынан өз-өзінен жеңілдеп кетті. Ашық, жарқын, өзгеруге бейім болсаң, басқа тілді, мәдениет пен дәстүрді оңай қабылдайсың. Алғашқы жарты жылда тек орысша сөйледім. Кейде басқалардан ерекшелену үшін әдейі сөйттім. Содан соң мұның алдымен балаларыма керек екенін түсіндім, себебі олар ертең украин мектебіне барады. Жергілікті халық маған достық пейілмен қарай бастаған соң өзім де украинша сөйлеуге ден қойдым. Оларға ұнау үшін украинша сөйлегім келіп кетті. Оның үстіне орысша сөйлесең, «Сіз Ресейденсіз бе?» деп сұрайды, «Жоқ, Қазақстаннанмын» деп жауап беремін.

Александра мен Сергей Мартиненко балаларымен бірге
Александра мен Сергей Мартиненко балаларымен бірге

Азаттық: - Украинада Қазақстан туралы не біледі?

Александра Мартиненко: - Ең алдымен бізде көп адамның орысша сөйлейтініне таңқалады. Оларға «орыс тілі – Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас тілі» деп түсіндіремін. Көпшілігі Қазақстанның бұрын Совет одағында болғанын, сондықтан мұндағы жағдайдың Ресей мен Беларустағы жағдайға шамамен ұқсастығын түсінеді. Көбі жаңалықтарды біліп отырады, кейбірі тіпті Назарбаевты мақтайды. Жалпы, Украинада жұрт саясатты бақылауға құмар, онда билікке кімнің келгенін, бұрынғы Совет одағында не болып жатқанын жіті қадағалап отырады.

Бұған қоса жұрт Қазақстанда не жейтінімізге, ұлттық тағамдарымызға қызығады. Бір рет достарыма қазақша ет пісіріп бердім, бірақ оларға ұнамады. Украиндар еттен гөрі ұннан жасалған тағамдарды, тәттіні жақсы көреді. Украинада топырақ та құнарлы. Жеміс-жидек, көкөніс жақсы өседі.

Азаттық: - Майданнан соң достарыңмен, таныстарыңмен қарым-қатынасың өзгерді ме?

Александра Мартиненко: - 2014 жылғы оқиғалар басталғанда, біз, әрине, Майданды қолдадық. Саратовтағы құрбым әуелде менің пікірлерімді ұнатпай жүрді. Байланысымыз да үзіліп қалды. Алайда рада үш жыл өткен соң ол менен кешірім сұрап, күйеуімен Украинаға көшіп келгендерін, қазіргі жағдайы Саратовтағыдан әлдеқайда жақсы екенін айтты. Міне, тағдыр деген осы болар.

Жалпы, Ресейдегі таныстармен қарым-қатынасымыз өзгерді, әрине. Мұндай жағдайлар адамның шынайы көзқарасын білдіреді. Олар менің Украина мәселесіне қатысты пікірімді сынаудың орнына жеке басыма тиіседі. Сондықтан, осы оқиғаның арқасында таныстарымның қайсысының маған шынайы көзқарасы қандай екенін біліп алдым. Ал Қазақстандағы достарым әлдеқайда ілгері кеткен болып шықты. Олар өркениетті бейбітшілік болғанын қалайды әрі Қазақстанда да биліктегілердің қалай жымқыратынын көріп отыр. Сондықтан бұл тақырыпты мүлде талқыламадық.

Азаттық: - Әңгімеңізге көп рақмет!

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Жеті баламмен жаяу қаштым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00
XS
SM
MD
LG