Accessibility links

Сарыағашта Ақтөбе облысында өртенген автобус иесінің соты басталды


Ақтөбе облысында жанып кеткен автобустың қаңқасының қасында тұрған адамдар. 18 қаңтар 2018 жыл.
Ақтөбе облысында жанып кеткен автобустың қаңқасының қасында тұрған адамдар. 18 қаңтар 2018 жыл.

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты Ақтөбе облысында өткен жылы қаңтарда өртенген жолаушылар автобусының иесі Ордухан Мехтиевтің ісін қарай бастады. Ол өрттен автобус салонында отырған 52 өзбек азаматы мерт болған еді.

Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Ташкент тұрғыны, Қазақстан азаматы 46 жастағы Мехтиевтің үстінен Қазақстан Қылмыстық кодекінің "Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынған. Алғашқы сот талқылауы 24 сәуір күні түстен кейін өткен.

Баспасөз қызметі Мехтиевтің ісін бөлек қарауға сотқа дейінгі тергеу кезінде анықталған деректер себеп болғанын айтады. Тергеу барысында Мехтиев пен "Азия Тразит Сервис" серіктестігі директоры арасында жасалған көлік құралын жалдау туралы келісім-шартқа сараптама жүргізілген. Сараптама қорытындысы бойынша, келісім-шартқа өзге біреу қол қойғаны анықталған.

Сотта Мехтиев өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, кінәсін мойындамайтынын айтқан.

Ордухан Мехтиев 2018 жылы 20 қарашада Ташкенттің Сергелі ауданында ұсталып, 26 желтоқсанда Қазақстанға экстрадицияланған.

ВИДЕО: Автобус өртенген аймақ, 18 қаңтар 2018 жыл.

2018 жылы 18 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент - Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

Кейін Ақтөбеде қылмыстық іс қозғалып, бес адам қамалған. Аман қалған үш жүргізуші биыл қараша айында бес жылға, автобусты жалға алған "Азия транзит сервис" компаниясының құрылтайшысы мен автбоус механигі үш жарым жылға сотталған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG