Accessibility links

Ақтөбеде "Өртенген автобус ісі" бойынша сот үкімі оқылды


Айыпталушылар "үкіммен келіспейді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Айыпталушылар "үкіммен келіспейді"

Салонында 52 өзбек азаматы тірідей жанып кеткен автобустың жүргізушілері 5 жылға сотталды. Автобус иесі мен механик те бас бостандықтарынан айырылды.

9 қарашада Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтар айында 52 адам қаза тапқан "өртенген автобус ісіне" қатысты сот үкімі оқылды.

Сот үкімі бойынша, автобус жүргізушілері Мақсат Пернебеков, Нұржан Қырғызбаев пен Барат Таңатов 5 жылға сотталды. Автобус иесі Нұрлыбек Тілепбаев пен механик Бахадүр Пердебаев 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, бұл азаматтардың көлік құралын басқару құқықтары шектелді.

Судья Серік Махамбетов сонымен бірге сотталушыларды өрттен қаза тапқан 46 азаматтың әрқайсының отбасына 2 миллион теңге беруді міндеттеді.

Адвокат Хайрулла Әлимағамбетов айыпталушы Мақсат Пернебековпен сот кезінде сөйлесіп жатыр. Ақтөбе, 26 қыркүйек 2018 жыл
Адвокат Хайрулла Әлимағамбетов айыпталушы Мақсат Пернебековпен сот кезінде сөйлесіп жатыр. Ақтөбе, 26 қыркүйек 2018 жыл

Тілепбаев пен Пердебаев бұған дейін елден кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген болатын. Сот үкімі оқылған соң олар сот залынан қамауға алынған.

Жүргізушілерге "өрт қауiпсiздiгi талаптарын", "жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзды" деген айыптар тағылған. Ал көлік иесі "Азия Тразит Сервис" серіктестігінің құрылтайшысына "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деген айыптар тағылған. Ал механикті айыптау тарабы “ақауы бар автобусты жолға шығарды” деп кіналаған еді.

Ауырлығы жағынан "орташа деңгейдегі қылмыс жасады" деп айыпталған бес азамат жазаларын қоныстандыру колониясында өтейді.

50 жастағы Нұржан Қырғызбаев бұрын сотталмаған. Істі болғанша Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Қақпақ ауылында інісінің отбасымен бірге тұрған. 33 жастағы Мақсат Пернебековтің үш баласы бар. 42 жастағы Барат Таңатов та отбасылы, жеті баласы бар.

"Өртенген автобус ісі" бойынша сот отырысы
"Өртенген автобус ісі" бойынша сот отырысы

ТЕРГЕУ МЕН СОТ

Қаңтар айында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент-Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі өлген. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.

Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары шамамен 8 ай бойы жалғасты. Қыркүйек айында Ақтөбеде сот басталды.

Шамамен екі айға созылған сот барысында айыпталушылардың ешқайсысы өздеріне тағылған айыптарды мойындамады.

Ресми болжам бойынша, өрт суықтан майы қатып қалып, жолда тоқтап қалған автобусты ашық жанатын бензин құралымен қыздыра бастағанда шыққан.

Сотта жүргізушілердің бірі өрт болған кезде автобус ішінде болмағанын, бірі ұйықтап қалғанын айтты. Бір жүргізуші өртке себеп болған “дәнекерлеуші лампаны” автобусқа әкелгенін мойындағанмен “құралды автобус ішінде қоспадым” деді.

Айыптау тарабы сотта “жолаушы тасымалдауға лицензиясы болмаған”, техникалық байқаудан өтпеген ескі автобуста өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған деп көлік иесін де кіналаған еді. Ал автобус иесі Нұрлыбек Тілепбаевтың адвокаты сотта “салонда өрт сөндіретін үш құрылғы мен төрт балға болғанын” айтып, өрттің техникалық ақаудан емес, салонда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағандықтан шыққанын айтты.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, автобус өртене бастағанда жүргізушілердің есігінен екі өзбек азаматы шығып үлгерген. Оның бірі - Ахрор Исахов болса, екіншісі - Исраил Мырзахметов есімді азамат. Қорғау тарабының өтінішіне қарамастан бұл екі азамат Ақтөбедегі сотқа шақырылған жоқ. Айыптау тарабы сотқа екі куәнің хатпен расталған, бейне таспаға түсірілген жауаптарын ұсынды. Бірақ қорғау тарабы оған қанағаттанған жоқ.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР

Ресейдегі Қазан қаласына бет алған автобуста Өзбекстанның 52 азаматы мерт болды. Марқұмдардың ең үлкені - Абдумалик Хасанчаев 50 жаста болған. Ал өзбек гастарбайтерлерінің арасындағы ең жасы Муроджон Рахмоналиев пен Исломжон Каримжонов небәрі 19 жаста болған.

Қарай отырыңыз: Соттағы наразылық

Қаза тапқан азаматтар Өзбекстанның Әндіжан, Наманган, Ферғана, Сурхандарья облыстарында тұрған. Бұған қоса, марқұмдардың арасында Ташкент қаласынан екі адам болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG