Accessibility links

Жаңатаң тұрғындары қалдық полигонын жабуды талап етеді


"Тынысымыз тарылып, көзіміз ашиды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

"Тыныс тарылып, көзіміз ашиды"

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жаңатаң ауылынан жеті шақырым жерде мұнай қалдықтарын төгетін өндірістік полигон бар. Ауыл тұрғындары полигон жақтан жел тұрса, тыныстары тарылып, үйлерінен шыға алмай қалатындарын айтады. Ал облыс әкімдігі полигонның иесін сотқа берген.

Ақтөбе қаласынан 300 шақырымдай жердегі Жаңатаң ауылында 500-ге жуық тұрғын бар. Жаңатаңдықтар мал бағып күн көреді. Ауылдағы әрбір екінші үйден төбе-төбе үйілген шөпті көруге болады. Ауыл кеніштердің түбінде отырса да, газ құбыры тартылмаған, көмір жағады. Бірақ Жаңатаң ауылының негізгі мәселесі – газ құбыры емес, ауылдың экологиялық жағдайы.

Жаңатаң тұрғындары ауыл маңындағы өндірістік қалдықтар қабылдайтын полигонды жабуды талап етеді. Ақтөбе облысы, 9 қазан 2018
Жаңатаң тұрғындары ауыл маңындағы өндірістік қалдықтар қабылдайтын полигонды жабуды талап етеді. Ақтөбе облысы, 9 қазан 2018

Тұрғындар ауылдан жеті шақырым жерде орналасқан мұнай қалдықтарын қабылдайтын полигон мен ауыл маңына төгіліп жатқан мұнай қалдықтары экологияны нашарлатып, халықтың денсаулығына зиян тигізіп жатыр деп санайды.

- Қой сойсақ, бауыры жеуге келмейді. Ұсақ малдың бауырын тырнақтай ақ түйін басып кеткен. Тас сияқты түйіндер. Біздің бауырымыздың не боп жатқанын кім білсін?! Төл басы азайды. Өйткені, экологияның нашарлығынан ірілі-ұсақты мал іш тастап жатыр, -дейді ауыл тұрғыны Өмірбек Әпшекенов.

Жаңатаң тұрғыны Мырзалы Байманов ауылдастары арасында ауру-сырқаудың көбейгенін айтады. Ол денсаулықтарының нашарлағанын экологиядан көреді.

- Жаздыгүні аулада ұйықтаймыз. Түнде полигон жақтан иіс шықса, көзіңнен жас парлап, удай аши бастайды. Кейін түшкіресің. Амалсыздан көрпенің астына тығылып қаласың, - дейді ол.

ЖАҒДАЙДЫ ОБЛЫС ӘКІМІ БІЛЕДІ

Жаңатаңның экологиялық жағдайынан аудан мен облыс басшылары хабардар. Ауызша айтқандарынан еш нәтиже болмаған соң жергілікті жұрт аудан-облыс әкімдеріне хат жолдап, ауыл іргесіндегі полигонның жабылуын талап етпек болған. Бірақ бұл әрекеттерінен түк шығара алмағандарын айтады.

- Былтыр осы арада тізім жасап, жастар жиналып еді. Ары қарай келіскен жоқ. Ауыл әкімі ауданға хабарлап жіберген. Түннің ішінде аудан әкімі, ақсақалдар алқасының төрағасы, мәслихаттың хатшысы шұбырып жетіп келді. Бір көтеріліс болатындай. Бәрімізді клубқа жинады. Басу айтты да кетті, - дейді Іңірбай Балжігітов.

Ауыл тұрғыны Қаржаубай Құрмановтың айтуынша, биыл сәуірде ауылға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев да келген.

- Халық облыс әкіміне де айтты. Ауыл іргесіндегі мал жайылатын жерде полигон бар дедік. Ол барлығымызды тыңдап кеткен. Бірақ [кездесуден] еш нәтиже болмады, - дейді тұрғын.

Тұрғын Қаржаубай Құрманов
Тұрғын Қаржаубай Құрманов

Жаңатаң тұрғындарын ауыл айналасында бейберекет төгіліп жатқан мұнай қалдықтары да алаңдатады. Тұрғындар Азаттық тілшісін ауылдан 12 шақырым жердегі Қарағанды даласына ертіп апарды. Қарағанды – Жем өзенінің сағасындағы құла дала.

- Міне, мынау мұнай өндірісінің қалдығы. Шамамен 20-25 тоннадай болатын шығар. Полигонға жеткізбей, сайға аудара салған. Бұл қалдықтар көктемде қар суымен Жем өзеніне құйылады. Өзеннен мал су ішеді, балық қырылады. Мұнай қалдықтарын бұрын малшылар мекендеген ескі жұрттағы құдықтарға да толтырып тастаған, - дейді жаңатаңдық Іңірбай Балжігітов.

Ауыл маңына төгілген мұнай қалдықтарын тұрғындар көрсетіп тұр. Ақтөбе облысы, 9 қазан 2018 жыл
Ауыл маңына төгілген мұнай қалдықтарын тұрғындар көрсетіп тұр. Ақтөбе облысы, 9 қазан 2018 жыл

Ақтөбе облыстық экология департаментіне ауыл айналасына төгілген мұнай қалдықтары туралы жазбаша шағым түспеген. Департамент өкілі: "Біз әр сайдың тұсына бір инспектордан қоя алмаймыз. Аудан әкімдігі мен ішкі істер бөлімі өздеріне тиесілі территориядағы тәртіпті қадағалауы тиіс" деді.

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Жандарбек Жаңабай бірер күнде сай-салаға төгілген қалдықтарды жинап, өндірістік полигонға тапсыруға уәде берді.

- Мұнай қалдықтарының бірнеше түрі болады. Жаңатаң тұрғындары Азаттыққа көрсетіп жүрген үйінді сұйық қалдық емес, мұнай өндірісінен шығатын қатты қалдық. Әрине, ол да арнайы полигонда жатуы тиіс. Біз барып анықтадық, тиісті шараларды қолданамыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Байғанин аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Жаңабай. Ақтөбе облысы, 12 қазан 2018
Байғанин аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Жаңабай. Ақтөбе облысы, 12 қазан 2018

"ЖАҢАТАҢДАҒЫ ЖҰРТТЫҢ БӘРІ НАУҚАС ЕМЕС"

2015-2017 жылдары Жаңатаң ауылының әкімі болып, кейін аудан әкімі орынбасарлығына тағайындалған Жандарбек Жаңабай полигон жақтан жел тұрса, ауылды жағымсыз иіс жайлап алатынын растап отыр. Бірақ шенеунік жағымсыз иіс тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр деп санамайды.

- Көп нәрсе азаматтардың денсаулығына да байланысты. Сол жерде мен де бала-шағаммен тұрдым. Сол жердің ауасын жұттым. Басқа жерде отырып басқарғам жоқ қой. Жаңатаңдағы жұрттың бәрі науқас емес. Сау адамдар да бар. Иіс… Иіс болғанда... Ауылдың арғы жағында зауыт салынып жатыр. Кеніштер де бар. Соның иісі ма, полигонның иісі ма, кім білген. Тұрғындардың шағымы бойынша біз экология департаментінен былтыр қазан айында мамандар алдырдық. Зертханашы мен бөлім басшысы келіп, ауадан, өсімдіктен, топырақтан сынама алды. Ауадағы зиянды заттар мөлшері шектелген нормадан артық емес деп кетті, - дейді Жандарбек Жаңабай.

Жаңатаң ауылы
Жаңатаң ауылы

Мұнай өндірісінің сұйық қалдықтарын төгетін полигон Жаңатаң ауылынан 7 шақырымдағы Төсағаш деген жерде орналасқан. Айналасында темір қоршауы бар өндірістік полигонға бөгде адамдар кіргізілмейді. Азаттық тілшісі барғанда полигон жанындағы диспетчер пунктінде бірнеше КаМАЗ көлігі тұрды. Өзін "Еркінмін" деп таныстырған КаМАЗ жүргізушісінің сөзінше, кеніштерден хабар жеткен бойда арнайы көлік мұнай қалдықтарын полигонға әкеп төгеді.

Жаңатаңның іргесіндегі өндірістік полигон – "Таза табиғат-АН" серіктестігінің меншігі. Мұнай кеніштерінен сілтілі ерітіндіні қабылдап, залалсыздандыратын полигон 11 гектар алқапты алып жатыр. 2013 жылы ашылған өндірістік полигонның бас экологы Қанат Жәрдембаев санитарлық зонадағы зиянды қалдықтардың белгіленген нормадан артық емесін айтады.

- Жергілікті жұрт ауыл айналасына төгілген мұнай қалдықтарын да, экологияның нашарлап кеткенін де бізге телиді. Әр жерге тасталған мұнай қалдықтарының бізге еш қатысы жоқ. Өйткені біз тек қана сұйық қалдықтарды қабылдаймыз. Оның үстіне көліктеріміздің барлығына GPS құрылғы орнатылған. Бақылап отырамыз, - дейді Қанат Жәрдембаев.

"Таза табиғат-АН" өндірістік полигонының экологы Қанат Жәрдембаев. Ақтөбе облысы, 9 қазан 2018
"Таза табиғат-АН" өндірістік полигонының экологы Қанат Жәрдембаев. Ақтөбе облысы, 9 қазан 2018

"СЕРІКТЕСТІККЕ ӘКІМШІЛІК АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ"

Ақтөбе облысы әкімдігінің экология департаменті Байғанин ауданы Жаңатаң ауылындағы мұнай қалдықтарын қабылдайтын полигонның жұмысын тоқтата тұру туралы сотқа арыз түсірді. Бұл туралы Азаттыққа облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Кожиков айтты.

Ерболат Кожиковтің сөзінше, Жаңатаңдағы полигон белгіленген шектен артық қалдық қабылдаған. Тексеру кезінде мұнай қалдықтарының залалсыздандырылған көлемі мен полигонға келіп түскен қалдықтар туралы мәліметтер сәйкеспейтіні анықталған.

- Биыл мамыр айында облыстық прокуратураның тапсырмасына сәйкес "Таза табиғат -АН" серіктестігі тексерілді. Тексеру нәтижесінде алты түрлі сәйкессіздік анықталды. Жасалып жатқан жұмыс бекітілген нормаға сәйкес келмейді. Қалдықтарды нормадан көп төккен. Паспорттардың реттелмегені бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Оны өндіріп алу жеке сот орындаушыларына жүктелді. Полигон технология бойынша бекітілген жобаға сәйкес келмеген соң, біз сотқа шағымдандық, - дейді Ерболат Кожиков.

Экологтардың сотқа шағымданғанын полигон иесі "Таза табиғат-АН" серіктестігі де растап отыр. Серіктестік өкілі Қанат Жәрдембаевтың сөзінше, экологтардың наразылығын туғызған жайттар жуық арада қалпына келтіріледі.

Серіктестік өкілі "Жаңатаң тұрғындарын біреулер айдап салып жүргенін, олардың кім екенін білетінін" айтады. Серіктестік "арандатушылардың үстінен сотқа шағымданбақ".

Ал тұрғындар "әкімдіктен артық ештеңе сұрамайды, газ да қажет емес". Халыққа "ең алдымен таза ауа керек". Сондықтан "полигонның жабылғанын қалайды".

Жаңатаң ауылы мұнай өндіретін бірнеше кенішке жақын орналасқан. Ауыл мұнай өндірісімен айналысатын екі аудан Байғанин мен Мұғалжардың шектескен тұсында тұр. Қазір зейнет демалысындағы эколог Марат Білімов Жаңатаң маңда тағы бірнеше полигонның барын айтады.

- Ақтөбе – өндірістік қалдықтарды қабылдайтын полигондары көп облыстардың бірі. Облыс аумағында 20 шақты өндірістік полигон бар. Оларға апарар жол салынбаған. Әр полигон өзіне жол салуға міндетті. Қалдық тасымалдаушыларға ыңғайлы болуы керек. Көлік жүргізуші жаздыгүні, күздігүні балшықты, қыстыгүні қарды кешіп, жолсызбен полигонға қатынағысы келмейді. Сондықтан мұнай қалдықтарын сай-салаға, жыраға аудара салады. Машинаны да құртпайды, өзі де шаршамайды, жанар-жағар майды да үнемдейді. Полигондарға апаратын жолдың болмауынан айналаның бәрі ластанып бітті. Далаға төгілген улы заттар мал-жанның бәріне зиян, -дейді Марат Білімов.

Эколог Марат Білімов. Ақтөбе облысы, 11 қазан 2018
Эколог Марат Білімов. Ақтөбе облысы, 11 қазан 2018

"Таза табиғат-АН" серіктестігінің өкілі Қанат Жәрбембаев айтуынша, әр кеніштен полигонға жол салатын компанияның жағдайы жоқ.

- Біздің жоба бойынша полигонда 700 метрлік грейдер жолы бар. Ол проект бойынша салынды. Жобада грейдер жолдан кейін соң көліктер жер жолға (көліктер көп жүріп, тапталып жолға айналған жер – ред.) түседі деп көрсетілген. Әрбір кен орнынан полигонға дейін жол салатын қаржы жоқ, - дейді ол.

Жаңатаң ауылындағы орта мектептегі 98 оқушыға 29 мұғалім білім береді. Ауылда кітапхана мен фельдшерлік пункт бар. Ауылдағы еңбекке жарамды тұрғындар Кеңқияқ, Жаңажол, Лақтыбай, Аманмұнай кеніштеріне қатынап, вахталық әдіспен жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG