"Ауыл" партиясы кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған Төлеутай Рақымбеков 26 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) құжаттарын өткізді. Ол қазақ тілі сынағын 27 сәуірде тапсырады. Бұл туралы ОСК хабарлады.
26 сәуірде "Қазақстан кәсіподақтар федерациясы" ұсынған кандидат Амангелді Таспихов қазақ тілі сынағын тапсырды. Тіл комиссиясы Таспихов "қазақ тілін жетік біледі" деген шешім шығарды. Ол "Менің елім" тақырыбына шығарма жазып, Қадыр Мырзалиевтің шығармаларын оқып, "Тіл тағдыры - ел тағдыры" тақырыбында ой-толғау айтқан.
"Ақ жол" партиясы ұсынған үміткер Дания Еспаева да 26 сәуірде қазақ тілі сынағын тапсырды. Сынақ нәтижесі әлі жарияланған жоқ.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Президент сайлауына кандидат ұсыну 28 сәуір кешке дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:
- Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы (тіл емтиханынан өтті);
- Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (тіл емтиханынан өтті);
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы (тіл емтиханын тапсырды);
- Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы (ОСК-ға құжаттарын өткізді);
- Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы;
- Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
ПІКІРЛЕР