Сәуірдің 27-сі күні орталық сайлау комиссиясы "Қазақстан коммунистік халық партиясы" ұсынған үміткер Жамбыл Ахметбековтің мемлекеттік тіл сынағынан өткенін хабарлады. Тіл комиссиясы Ахметбеков қазақ тілін еркін меңгерген деген шешім шығарды.
Үміткер "Рухани жаңғыру" тақырыбында шығарма жазған. Ілияс Есенберлиннің "Қаһар" романынан үзінді оқыған. "Ел бірлігі - елдіктің арқауы" тақырыбында 15 минут сөйлеген.
27 сәуірде ОСК-ға құжаттарын тапсырған "Ұлт тағдыры" қозғалысы ұсынған кандидат Әміржан Қосанов тіл сынағын 29 сәуір тапсырады. Ал "Қазақстанның құрылысшылар одағы" кандидаты Ерғалиевтің тіл сынағын қашан тапсыратыны хабарланбады.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Президент сайлауына кандидат ұсыну 28 сәуір кешке дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:
- Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы (тіл емтиханынан өтті);
- Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (тіл емтиханынан өтті);
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы (ОСК-ға құжаттарын өткізді).
- Талғат Ерғалиев - "Қазақстанның құрылысшылар одағы" республикалық бірлестігі (ОСК-ға құжаттарын өткізді).
ПІКІРЛЕР